👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  54


Автор: Сәкен Иманасов

Қажымұқан

1
Батырындай бағалап бұрынғы өткен,
аңыз етіп әкеткен қырым көптен...
Айға қарап есінер арыстаным,
алысқанын алдында дірілдеткен!
Дүйім елден жан таппай тең келерге,
абыройың
тұрғанда өрлеп өрге,
Күйіндің бе,
Кім білсін,
ата жұрттан
айқай салып, ешкім дем бермегенге!
Белдескенің —
ілінді қолға қалай,
домалайтын
оңға да,
солға қарай,
Сондайда бір...
кеу-кеулеп,
көтермелеп,
дүрлігісер жұртыңның болмағаны-ай!..
Жарықтығым,
жанды ма, шіркін, бағың,
бұлшық еттей бұлқынып,
бұлтыңдадың.
Ұмтылғанын
жүргенде допша үйіріп,
ойладың ба
іргелі ұлтың барын?!
Дүниенің түгендеп төрт бұрышын,
дүйім елге дүбірлеп
жетті күшің.
Кім біледі,
биіктен қарап тұрып,
баз-базда бір күйіп те кетті ме ішің!..
Қиғың келмей тұрып та
жеңісті елге,
Ымыраға амалсыз келіскенде,
Дүр күлісіп желөкпе француздар,
дүрлігісіп жатқанда немістер де;
Бұйым көрмей бірінің әсте күшін,
Жапонның да
жұлынған жас перісін
бұрап алып, талтайып тұра қалып
сыпырып-ақ бергенде бас терісін;
Қажекем-ай,
қайран да нар тұлғалым,
найзағайдай жарқылдап,
шарқ ұрғаның,
тұрдың ба сен
біріне ұқтыра алмай,
қабырғалы қалың ел,
халқың барын!..
Өздерінен бітімі бөлек ердің
елі барын ол кезде елеген кім?
Жапон деп те жүріпті-ау,
түрік деп те
амал қанша, бәріне көне бердің.
Бөлек еді-ау түрің де,
түсің анық,
Көне бердің,
сендің де күшіңе анық
Күңіренген күндерің болған шығар,
бозасынан біреудің ішіп алып...
Жығып беріп шетінен ұмтылғанын,
Жұмарлап-ақ жүргенде, шіркін, бәрін,
Ұлтың барын сенің де еледі ме ел,
арқа сүйер —
асқар бел, —
жұртың барын!
Тұла бойда бұлқынып жатқан әлің,
болды ақыры жақынға,
жатқа мәлім. —
"Қайсақ" деп те кемітіп жүргендердің
қайсысының басынан аттамадың!..
Кеудесіне нан піскен кілең сері,
Басқысы да келгенде піл еңсені, —
буыршындай
бураға барған қарсы
дір-дір етіп кететін тілерсегі...
Қол апартпай жүргенде шоқтығыңа,
алқымына ап-ащы от тығыла,
ашындың-ау, ағатай,
қасында бір
қауқылдасар қалың ел жоқтығына!..

2
Жұртың енді кем емес бір елден де,
батыр шықса —
барлығы білер демде.
Үзе жаздап тұрамыз үзеңгіні,
— Қазақпын! — деп,
Қажеке, шіренгенде!
Күні күліп тұрады,
қыры гүлдеп,
шайқай алмас ешкім де тұнығын кеп.
Тепсінісе келгенге
айта аламыз: —
Терезесі тең елдің ұлымын! — деп.
Дүбір десе дүрлігіп,
мен дегенің,
батыр туған бауырға жел беремін!
Ақынға да білеміз,
алыпқа да
абыройын асырар ел керегін!
Жан-жағына жалтақтап,
теңтік іздер,
Жайымыз жоқ
ешкімнен сорлымыз дер.
Ұлтымызға лайық ұл бола алсақ,
жарар еді, Қажеке, енді біздер!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы