Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  88


Автор: Сәкен Иманасов

Бақтыбай

Жеткен соң үнің көкке,
жырың көпке,
атағың шығыпты ғой дүрілдеп те,
көздерін бақырайтып хан-төренің,
жүріпсің батыра айтып мінін бетке.
Белгілеп биігіңді өзің ұшпақ,
болдың ба айналаңмен тез ұғыспақ,
Ішінен жалпақ жатқан жалайырдың
шығыпсың иісі қазақ сөзін ұстап.
Өрді айтып,
өрлеп шығар өндірді айтып,
өтіпсің өзің барар жерді ұлғайтып,
Араға 165 жылды салып,
еліңе
Бақтыбай боп келдің қайтып.
Құлашын қиындыққа талай ұрған,
жақсы мен жаманды да дәл айырған,
жұртым деп туа қалған шайыр ең сен
атағың алыс кеткен жалайырдан.
Әруақты,
ақындықты сөз еткенде,
бермеген дүлдүл едің кезекті елге,
тең ұстап терезеңді тілдескен ең
қан тамған қылышынан Тезекпен де.
Көрсете алдым ба,
жоқ,
қатты қайрат,
қаншама ой біздің іште жатты қайнап. 
Жау көрсем —
"Қабанбайлап!" — шабамын да
дау көрсем —
кіріп кетем:
"Бақтыбайлап!"
Білдің бе,
білмедің бе басқа тілді,
соны ойлап ғалым ұлың бас қатырды.
Өзіңді,
сөзіңді де өлтірмеуге
жатырмыз қашап жазып тасқа атыңды!

2000 жыл
Бақтыбай ауылы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу