Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  227


Автор: Сәкен Иманасов

Албан Асан ескерткішіне

Армысың, Қарасаздың қалың елі,
Бармысың салқын самал, сары белі!
Жансүгір Ілиястың жерлесі едім,
Жатсынбай, жақсы ұлым деп таны мені!
Ақынның — атағы зор — Албан Асан,—
әр сөзін тамсана оқып, тандана сан,
тарыдай жиып-теріп, тасқа басып,
Ілекең танып еді-ау әлдеқашан.
Ешкімнен кем тұтпаған өз дарынын,
Ілекем білген екен сөз қадірін.
Халқына табыстырып кеткен екен
Асандай ортасынан озған ұлын.
Қағылған қатын-қалаш қалжадан да,
тап келіп кешегі бір зар заманға,
Заңды айтып, көкірегінің зарын айтып,
Жалынбай өтіпті Асан әр жаманға.
Көрсек те жеті атасын мазақтың біз,
Бұл күнде жарылуға аз-ақ тұрмыз.
Кезінде соның бәрін жырға қосқан,
Ақын ең ардақтаған қазақ-қырғыз.
Созылып содан бері жыр таспадай,
Бұл жақта әндетпесін гүл, тас қалай,
Құйғытып Мұқағали өтті кеше,
аузынан Қарасазын бір тастамай.
Қамалын қанша заман шықтың бұзып,
тойының ішіндесің жұрттың қызық,
Қарасаз бүгін тағы қарсы алып тұр
өзіңді тас үстіне тік тұрғызып.

26 мамыр, 1999 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу