Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  100


Автор: Сәкен Иманасов

Жамбыл

Ақыны ма арғынның, батыры ма найманның,
түп атасын тексеріп, келді демей қайдан кім,
алты алаштың аруақты атасына парапар
тастамайтын аузынан батасына айналдың!
Жалпақ елге жайылған Жамбыл атың көк тіреп,
ұраның да жыр-әнің төрелерден тектірек,
қайда барсаң —
құдайға қолын жайып жатқан жұрт,
жаңа туған сәбиге:
"Жасыңды бер!"— деп тілеп.
Қырда қазақ,
ойда орыс
"Жамбылым!" — деп ұрандап,
өзбек, қырғыз, түрікпен таңырқаған жыр арнап.
Ұрпағының ұрпағы мақтансын да жүрсін деп,
маңдайыңа дарыпты-ау самұрықтай сыңар бақ!
Дағдарып кеп қайран ел,
түсе қалса даңғылға,
Жамбыл-дауыс жаңғырып жетеді әлі сан қырға.
...Ақыл іздей бастасақ —
біз Абайға жүгініп,
жақын іздей бастасақ —
жүгіреміз Жамбылға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу