26.07.2021
  159


Автор: Сәкен Иманасов

Өмір мен өлім

(поэмадан фрагмент)

...Жұлдыздай ақты қырда,
жүзді көлде,
бермеді тірлігінде тізгін ерге,
сал да өзі,
сері де өзі,
серке де өзі —
бір жігіт болып еді біздің елде.
Көп еді елден гөрі көргендері,
көзге атқан құралайды мерген де еді,
әйтеуір өмірі де,
өлімі де
ертеден қызықтырып келген мені.
Ілесіп тірлік атты ұлы ағынға,
құландай жүйткір еді құба қырда,
қызға да,
қызыққа да тоймаушы еді,
асаудың ойнаушы еді құлағында.
Аямай —
бары болса — беріп елге,
толатын достарына төрі демде,
көрмеген беті қайтып жігіт еді
алысып бөрімен де,
перімен де.
Сексеуіл сойылындай білектері,
бетті де,
беделдіде,
жүректі еді,
ақырып,
аш арыстан тап бере ме, есте жоқ
елден бұрын дір еткені.
Досы да,
дұшпаны да ірі кілең,
қолы ұзын жігіт еді,
құрығы кең,
көрмеген жауына да жалған күліп,
айнала таң қалдырып қылығымен.
Әрдайым абыройы озып алға,
айналды әрбір айтқан сөзі ұранға.
Кісіні кінәлауға асықпады,
ешкімді жасытпады өзі барда.
Болысып,
қайда жүрсе күші кемге,
көмегін аямады кішіден де.
Маңынан жүргізбеді
құлқы жаман,
жексұрын жәдігөйді пішіні өңге.
Өзінде бармен және көзге ұрмады,
кісінің кемшілігін сөз қылмады,
ешкімнің қоздырмады қызғанышын,
атын да әулекінің оздырмады.
Бар еді,
неде болса,
ез білгені,
аштығын,
тоқтығын да сездірмеді.
Сүйкімі күннен-күнге арта түсіп,
күйкіні
көре тұра,
көзге ілмеді.
Қақ жарып,
қашан болсын,
қара қылды,
бас кетер бәсіңе де бара білді.
Қаймана қазағыңда аңыз етіп,
айнала жатушы еді тарап үлгі.
Шетінен —
жақыны ма,
жат па —
бәрі,
жатады атын айтып,
мақтап әлі.
Сыртынан даттамады ол бір адамды,
ешкімнің ала жібін аттамады.
Өзі де ерт еді бір,
өктем еді,
өмірін ережемен шектемеді.
Кісілік келбетіне тұнып айбар,
сескеніп,
сұмырайлар
беттемеді.
...Кезінде кімдер оны күндемеді,
қалмады ит пен құстың үрмегені, —
Ар санап бұғынуды,
жығылуды,
тірлікте бүгілуді білмеп еді.
Ондайға шыдасын ба біздің халық, —
біржола кете ме деп тізгінді алып,
хабар сап ағайынға "жөнді білер",
қасына қонды бірер құзғын барып.
Санай ма аққа күйе жаққанды ерлік,
(біз де сол күйесі көп жақтан келдік!)
Жақсының жағасынан алғанды да,
аяқтан шалғанды да мақтан көрдік.
Жігіттің балаймыз да нарға күшін,
дайынбыз күйелеуге ар-намысын.
Жатады жазықты боп қанша боздақ,
Басқадан жақсы бола алғаны үшін.
Айдап сап ағаларын,
Аламанын,
іздейді бақытқа да балама құн,
ит қосып аламойнақ,
табады ойлап
өзінен оздырмаудың сан амалын.
Қайқы жас,
қанағатсыз қарт бүгінгі
қайтеді сенің де асқақ мәрттігіңді.
...Ұдайы беріп, беріп келген өмір
бүлініп аяқ асты жалт бұрылды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу