Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  107


Автор: Сәкен Иманасов

Көкірегіме тұтқиылда кеп кірген

Көкірегіме тұтқиылда кеп кірген,
қылыштасып қара құйын — көп мұңмен,
қуанышқа жету үшін бүгінгі
қаншама бір қан майданнан еттім мен.
Алқымымнан алды келіп қанша мұң,
айқасам деп әлсіредім, шаршадым.
Жау қолында жалғыз қалған сарбаздай
шуақ күнді, қуатты үнді аңсадым.
Жеті атасын көріп қайғы,
кектің де,
өтті бастан теперіш те, тепкің де,
күйрей жаздап тұрғаным да есте жүр:
"Бұл өмірдің қажеті не?!"— деп бірде.
Кездерім бар қырға сыймай сенделген,
қайда кете қоям бірақ елден мен,
асыл досты аңсайтыным болмаса
қысылғанда қолын созып, дем берген.
Достар еді айбыным да байлығым,
жіпке тізіп айта берем қайбірін.
Жора-жолдас арқасы еді-ау, тегінде,
бұйым ғұрлы болмайтыны қайғы-мұң.
Жас ұлғайып бара жатыр,
ескі арман,
кең сабадай көңілім бар бос қалған.
Сөйте тұра шуақ іздеп өмірден,
қуат күте берем әлі достардан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу