Өлеңдер ✍️

  25.07.2021
  138


Автор: Сәкен Иманасов

Үндеме

Қолдан келсе — үнсіз кел, үндемей кел,
үндемесең болғаны — күндемейді ел.
Айқай түгіл әзірге сыбыр қалып,
жыбыр қағып қаншама тұр көмейлер.
Өлер жерін қапысыз анық білген,
тұр ғой бүгін біразы қалып тілден.
" Үндеме!" — деп саған да қақсай-қақсай,
қақсай-қақсай, қайтейін жалықтым мен.
Жексұрынға кіжініп, жебірге де,
тілің қыши береді сенің неге?
Әділетті көрсең де көрмегенсіп,
үндеме тек, бауырым! Тек үндеме!
Таусылды ма тірлікте иланарың, —
Үндеме де, ішіңе жина бәрін.
Тақсіретті көрсең де теріс қара,
қайтесің сол қазақтың иман, арын!
Көрінуді ойламай күнде көсем,
бауырларың қаншама жүрген есен.
Кіріп-шыға қойыпты ішіңе кім,
сен де солай боласың үндемесең.
Қабақ түйіп біреулер шытынасын,
Ұтыласың сөйлесең, тұтыласың.
Үндеме тек, бауырым, үндемесең
Үйдей ғана пәледен құтыласың!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу