Өлеңдер ✍️

  25.07.2021
  95


Автор: Сәкен Иманасов

Міңгірлеп жаңа ғана біткендей тіл

Міңгірлеп жаңа ғана біткендей тіл,
қайтерсің, біздің қолдан түк келмей тұр.
Таусылып амалымыз қала бердік,
кетті де заманыңыз тіптен бейпіл.
Дертіне дерт қосылған шерлі далам,
шүкір де,
осыған да келдің аман.
Ұрандас ұлды көріп, —
жүрдік еріп,
апыр-ау, не қыл дейсің енді маған!
Бұл күнде ұрысы кім, дұрысы кім,
бара алмай байыбына бір ісінің,
болар деп жазда қандай, қыста қандай,
отырам ұстай алмай жыр ұшығын.
Кеткенін қасиетінің құнсызданып сезбеген,
біз болдық-ау мұңсыз халық.
Қатыны қара жолда қап арқалап,
әкімі ат үстінде тұр сызданып.
Басылып басы қатты бұрынғы арын,
ұмытқам үнім барын, тілім барын, —
ауыл — аш, қала — кедей, балаң өгей,
кімге айтам, саған емей, мұның бәрін!
Дәрмені, пәрмені де біткен ердей,
боласың мұның бірін күтпегендей,
...Күткенде, күтпегенде не істе дейсің,
отырмыз қолымыздан түк те келмей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу