Өлеңдер ✍️

  25.07.2021
  100


Автор: Сәкен Иманасов

Өткенге де

Өткенге де,
кеткенге де мұң шығып,
басыңызға не күн туды мұншалық,
бұрын да сөз ермеп пе еді соңыңнан,
көрмеп пе еді көңіліңді кір шалып.
Түрін көріп шеріңіз бен шеменнің,
жан-сырыңды ұға қояр деп ең кім, —
Сенің тіпті бар-жоғыңды білместен
тірлік кешіп жүрген жоқ па көбі елдің.
Көкірегіңнің бұрқыратып от-селін,
елдің қамы сияқты еді-ау көксерің, —
қасың түгіл,
достың өзі кешегі
хал-күйіңді біліп жатқан жоқ сенің!
Бірі дұрыс болғанымен,
бірі ағат,
оларды да отыр деме кінәлап,
бүгін еріп кетпегенмен,
көр де тұр —
түбі келіп түсінеді жұрағат.
Қаумалаған дұшпаны бар, досы бар,
кешегі асқақ кездеріңді есіңе ал:
бойын елге көрсетуден үркетін
ойы кемге
кейігенде...
не шығар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу