Өлеңдер ✍️

  25.07.2021
  132


Автор: Сәкен Иманасов

Жаңғырып құлағымда қай-қайдағы үн

Жаңғырып құлағымда қай-қайдағы үн,
келеді ара-тұра айғайлағым:
осылай өткені ме, деймін де, өмір,
шынымен кеткені ме жанбай бағым!
Домбырам күмбірлеп те, күмбірлемей,
өтуде бір күнім бай, бір күн кедей.
Алпыс жыл айттым елге айтарымды
несіне өмір сүріп жүрмін демей.
Тек қана елім дедім, жерім дедім,
еліре еңбек еттім, ерінбедім,
кеудемнен күніге бір ерлік ашам,
қайысып көрді қашан менің белім.
Өзімнің өрім дедім, төрім дедім,
ешкімнен жырақ кетіл, бөлінбедім.
Беделін бағаладым баланың да,
төбеме тік көтеріп көрінгенін.
Бар еді өнбей тұрған қай іс тағы, —
қабырғам қайсысына қайыспады?
Жағынып жағалыға,
омыртқамның,
оллаһи, есімде жоқ майысқаны.
Қуырым қуат қалмай білегімде,
үзіліп күдерім де, жүдедім бе, —
әйтеуір, қашан көрсем көпке сыйлы
үн есіп тұрар еді жүрегімде.
Бәріне жақсылардың жетер ме гүл,
еңсемді енді бір сәт көтер, көңіл, —
жанбай-ақ қойсын бағым, ойшылдарым,
сүрмесем болыпты да бекерге өмір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу