Өлеңдер ✍️

  25.07.2021
  124


Автор: Сәкен Иманасов

Ол да бір қызық кез еді

1992 жылдың көктемінде (көкек айы) сол кезгі Мәдениет министрлігінің репертуар бөлімін басқаратын Баққожа Мұқай бір топ қаламгерге пьеса жаздырмақ ниетпен өзі бастап Таутүргендегі Көмпозиторлар одағының шығармашылық мекен-жайына апарып орналастырды. Он ба, он бес пе жазушыдан бөлініп, екі дүркін сол араны екі ай тұрақтаған едік. Алғашқы топта мен де болғанмын.

Арғыннан — ақын,
найманнан батыр алдырып,
Асының жолында автобус белін талдырып,
қара сөзіңді қамырдай илеп әп-сәтте
тастамақ та боп тағы бір иін қандырып.
Қолбасыдай-ақ қол жинап қайтқан түркіден,
Шерхан Мұртаза шаншылып көкке мұртымен,
Таутүрген жақты дүрліктіре де жеткен ек,
жау түсіретін жасақтай болып бір түмен!
Аяқ астынан аспаннан пьеса жаудырып,
қалам ұшына қағынып тұрған "жауды" іліп,
Қали-Ханды ерткен Тарази датқа тағы бар,
қар-кемерді астық, әнге де бастық әулігіп.
Қадыр Мырза бар қабағын түйе кектенген,
Баққожа батыр оралып қайтты өткеннен,
қабыланды көрген қара бүркіттей қатайып
Жүніс баласы Сәкен сері де жетті елден.
Аузы-мұрнынан бұрқырай ұйтқып түтін-дем,
"Мен-дағы биыл кем емеспін, — деп, — күтімнен!" —
қазақтың барлық театрын да бір өзі
жарылқап тастардай
жатып та келіп күпінген.
Кешігіп келіп,
көп үлесінен құр қалған
кісідей-ақ бір бұртия сөйлеп, бұлданған,
Есенжол Домбай есіней жүріп,
есіре
елдің үстінен есеп терумен жүлде алған.
Атылып,
көкке артылатындай көктерек,
миуалы бақтың миуасын жерге төкпек ек,
еріншектерге адырая көзді алартып
келіншектерге де (көне қоймаса) өкпелеп.
Аяғы салбырап түсе қалғандай аспаннан
Тұрғынбек ұлы Серік бар еді жастардан.
Қалам біткендер сатырлап,
қағаз шатырлап,
ай-һай да, шіркін,
аламан бәйге басталған!
Күнді бетке ала қиқулай ұшқан құстардай,
бұлтты уыстап булыға келген түс қандай!
Тиген бір жерін тіліп түсер қылыш сияқты ек,
қылпылдап тұрған — көптен-ақ, кептен ұсталмай.
... Ақырын-ақырын...
алғашқы арын басылып,
қағаз бен қалам қала да берді шашылып,
екі-үштен кетіп,
"жеке ішкен" күбір басталған
үлкені — ұлынан,
кішісі — ұлыдан жасқанып.
Қалам да жүрмей,
қадала төніп ызаң шақ,
бастапқы сәннен қала да бердік біз алшақ,
Кәрісін іздеп Хан-Дин де кетті Сеулге,
Қали-Хан көкем тыпырши берген қыз аңсап...
Есенжол естен жаңылып,
Қадыр аңырып,
Қолбасыларымыз бен датқаларымыз да дал ұрып,
жаланып келген жасақтай жарау топ едік,
қарадай ғана қала да бергеміз... қамығып!..
Бірінің ұрты бүлкілдеп,
бірі күңкілдеп,
бірінен-бірі теріс айнала... күркілдеп,
елде жоқ сылтау айта бастадық,
...ақыры '
Алматы жаққа қайта бастадық
...біртіндеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу