Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  196


Автор: Сәкен Иманасов

Тілімнен де, білімнен де шықпай мән

Тілімнен де, білімнен де шықпай мән,
ағайынға тие қоймай түк пайдам,
алты алаштан артылады-ау дерліктей
ақылым да әдірә қап, бітті айлам.
Дәл айтам деп Демосфендей кескінде,
ақтарыла сөйлеуші едім қос тілде,
тәмам елді дүрліктірген даусым да
керек болмай қала берді ешкімге.
Бәдігіне бас ием деп өзге елдің өтті күнім,
кетті бүгін сөзден құн,
Ар мен ұят, —
арсыздық пен аярлық
тасындай боп теңселеді безбеннің.
Күні туып құлақты мен көздінің,
түсінер деп тұрсың бүгін сөзді кім,
біреуі жүр алаңдатып көңілді,
енді бірі жалаңдатып кездігін.
Көңілімді өңірімдей қаусырып,
сөйлемейтін болып барам таусылып,
тектілерім теріс қарап бүл күнде,
ептілерім шыға келді жаусынып.
Қанға сіңген ғадет пе әлде ғұрып па,
арыз айтып көрген болдым ұлыққа,
қала-қала көңілдің де өшті үні,
мөңіреген сиырдай боп тұлыпқа.
Бар еді ғой бір кісілік әл менде,
енді кімді шақырайын жәрдемге?
... Сөзім еді өзімді-өзім жұбатқан,
оқымай-ақ қойшы соны, мән берме!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу