Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  127


Автор: Сәкен Иманасов

Не жазам!

"Не жазып жүрсің?" — деп сұрайды кезігіп қалған кейбір дос-жаран.

Не туралы жазбақпын? —
Баянсызын айтсам ба әлде басымдағы аз бақтың,
кімнің ғана қам көңілін көншітіп,
кімнің отын маздаттым?
Не жазамын шынында? —
Жұрт ұқпаған
жыртық табан мұңым ба,
ырысым ба — ындыны бір қанбаған,
босқа тозған қылышым ба қынында?!
Не туралы жазайын? —
Кімге дәрі өксігі мол,
өкініші аз айың,
қай досымның көсегесін көгертіп,
қай дұшпанның тартқыза алдым сазайын?!
Не жазар ең өзің де? —
Қайырымы аз халқыңа айтқан сөзің бе,
сүмелегі сорды қанша миыңды,
соның бәрін кім еледі кезінде?!
Не жазайын лезде? —
Тойдым әбден ойлы қанден мінезге,
ергендерді жазайын ба есерге,
ерді жығып бергендерді бір езге?!
Кімге керек жылағаның, күлгенің,
сенің тірі жүргенің? —
Кімге керек, кімге керек? — дедім де,
не туралы жазарымды білмедім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу