Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  93


Автор: Сәкен Иманасов

Сездім де қабағында сызат барын

Сездім де қабағында сызат барын,
арамыз ушығуын ұзатпадым.
Қарсы айтар жауабымды,
сауалымды
көңілдің түкпірінде тұзақтадым.
Болдық па,
болмадық па, сірә, ғашық,
алайық арамызды бір-ақ ашып,
Қырда өскен кеше ғана тең гүл едік,
қайтеміз енді келіп...
кінәласып.
Белгілі неге бірден түңілгенің,—
икемім аздау болып бүгін менің,
сен шығар төрің үшін,
орын үшін,
басқаны баса-көктеп жүгірмедім.
Байлыққа балап таза гүл иісін,
ұмтыла қоймадым ба "сыйың" үшін,
Көңілім сен дегенде шалқыр еді,
алтыннан артық еді жымиысың.
Сұрланып сәл-сәл ғана,
тына қалдың,
қамықпа,
мұндайға сан шындағанмын,—
Керегі маған адал көңілі еді
жалғанда жаным сүйген бір адамның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу