Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  103


Автор: Сәкен Иманасов

Белгісіз

Не шығар енді келіп өкінгенмен,
қамығып,
қадіріңді кетіргеннен,—
көп қыздың бірі екенсің, қарағым-ай,
көктемнің көбелегі секілденген.
Ғашық та бола жаздап бір күн ерсең,
тұрасың қона жаздап —
гүлді көрсең.
Көненің көзіндей боп, қылықтым-ай,
деп едім,
өзгелерге үлгі берсең...
Ұнаған
қылығыңда,
бұрымың да,
деп едім,
тұңғыш татқан тұнығым ба...
Кім білген,
үміт,
күдік сиыспасын
махаббат дейтін сол бір ұлы ұғымға.
Қамығып,
қалқам, саған кейімедім,
өзім де алдануға бейім едім...
Белгісіз —
сенімсіздік араласқан
ащы ойдан енді қашан сейілерім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу