Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  122


Автор: Сәкен Иманасов

Шырылдап жүрем

Шегі бар өкініштің,
өкпенің де,
шырағым, шырылдаумен өткенім бе,—
қойды ғой көкейіңе қонбай сенің,
алданып,
азабыңды шеккенім де.
Еркімді билеп алып биыл менің,
елтідің, емексітіп.... иілмедің.
Түкке де тұрмады ма көз алдыңда
күлгенім,
күйінгенім,
түйілгенім?
Айтулы "жырынды" едік, дүрілдедік,
кетті ме қызға деген қырым кеміп,
айтқызбай түсінетін қарындастар
алдайды, амал қанша, бүгін келіп.
Аямай адал ниет, ақ білегін,
қанша қыз қабағымды бақты менің,
бәрінен биік көргем, иіп келген,
таңдайдан дәмі кетпес тәттім едің!
Шаршаған жүректен бе, тілек кем бе,
білемін, дарымасын бұл өкпем де,—
Қалқам-ай, ойда жоқта сен емес пе ең
қайтадан түлеткен де,
жүдеткен де.
Сен деп ем ендігі өмір көңілді әні,
адыра қалғаны ма соның бәрі?
Жүрек те тыным таппай, қарағым-ай,
құстай-ақ шырылдайды қолыңдағы. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу