Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  153


Автор: Сәкен Иманасов

Достың бірі

Ә дегенше елден озып енді иық,
көтеріліп шыға келдің сен биік.
Бақ-дәреже, абыройды, атақты
бір-ақ сәтте дарқан тағдыр берді үйіп.
Ұмытылып кеше көрген жәбірің,
айналаңа жүріп берді әмірің.
Қасқа маңдай жиырылып-жазылып,
салмақтана бастағандай әрі үнің.
Көтермелеп қошеметшіл зәлімдер,
бір-ақ күнде байқап қалды әліңді ел.
штаттағы жансызың бар,
жұртыңның
үшкіргенін, түшкіргенін мәлімдер.
Тез үйрендің өзіңді өзің бұлдауды,
кісі сөзін қырын қарап тыңдауды,
айлап созып әдеттене бастадың
қас қағымда бітіретін бір дауды.
Біраз елге жүре бастап билігің,
бірімін деп қалдың білем "милының",
Қабақ шытып танысыңа кешегі,
ұмытпадың намысыңа тиді кім.
Түгел жұмсап алпыс екі айланды,
іші-сыртың мәліш қойдай майланды,
күні кеше шашпауыңды көтерген
құрдастарың, сырластарың қайда әлгі?!
"Қайда барсаң осы ғой, — деп, — ел деген!"
жұрағаттан жеріп шыға келген ең,
қара төбет сияқтанып менмеңдік
арамызға жатып алды көлденең.
Күні кеше күшің мәлім, сұсың кем,
сен де біздей кебенектің ішінде ең,
айналаңа адырая қарайсың,
құдай болып туа қалған пішінмен.
Тиді қолға абырой да, әмір де,
бөліне де жатар әлі сан ірге,
өйткені сен қырын қарай бастадың
дәрежеңді артық еткен тәңірге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу