Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  124


Автор: Сәкен Иманасов

Озып ем алға бір адым

Озып ем алға бір адым,
озбырларға да ұнадым.
Естіле түскен кеше өктем
өсектен тынды құлағым.
Құдайым мені оңғарар,
ежелгі дұшпан — ол да бар,
көзге ілмей жүрген неме де
бөдене болып жорғалар.
Ілгері жүре түсіп ем,
жалт беріп жауым — күші кем,
мақтады келіп көзіме,
боқтап тұрса да ішінен.
Өтіп ем тағы бір адым,
өсекшіге де ұнадым,
шулатқанын да кім білсін,
қаншама достың құлағын.
алдында сенің ақпыз деп,
қашаннан саған жақпыз деп,
жәдігөйлері жалбақтап,
жағымпаздары тапты іздеп,
Келетін еді кінәлай,
тістеп жүр тілін бір ағай,
құйрығын қысты қаскүнем,
маскүнем қарыз сұрамай.
Бүлкілдеп талай көмейлер,
өзім боп шығып өгейлер,
Кездейсоқ күні түсті ме,—
құдайға сені теңейді ел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу