Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  107


Автор: Сәкен Иманасов

Жамбасыма жайлы тиді қай тақтай

Жамбасыма жайлы тиді қай тақтай,
жан-дүнием жаншылады жай таппай,
Тұз көгеріп жарыта алмай жатқанда,
күз де келіп қалғаны ма байқатпай!
Не бітіре қойдым дейін? Не тынды?
Айтам енді елге де не бетімді?
Әлі күнге аяқталған түгім жоқ,
таяп қалған секілді ме екінді!
Қарап тұрсам —
үркер өшіп,
Ай да ауған,
не шығады өзімді өзім қайраудан.
Алақанын жаяды қыр әлі де,
құтылмадым баяғы бір байлаудан.
Келді деймін кемеліне...
келді күн,
енді, деймін,
өзіме өзім...
ендігің...
білсеңші, деп,
қойған болам біресе,
кімге қарап отырғанын ел бүгін!
Қыл мойынды қиып түскен құрықтан
құтыла алмай жүргенімді кім ұққан.
Зымыраумен өтіп жатыр күндер тек,
менің мұнда бар-жоғымды ұмытқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу