Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  376


Автор: Индира Кереева

СЕН ТУРАЛЫ ОЙЛАРДАН...

Сағыну ма мендегі?
Тек көну ме?
Апатиялық күйді ойым өткеруде.
Ұнатайын, іздейін...
Түсінгенім:
Сені мүлде болмайды жек көруге...
Мені аңсап сен қанша рет жармас мұңға,
Түнге шертер сырыңды таңда аштырма!
Жібек болып күтсем де жарытпаспын,
Төлеген боп жолда өліп қалмассың да...
Қатыгез де...
Жындыға тең де, мейлі.
Өлеңнің де өрлігі өрде дейді!
Қозыдайын мені іздеп келмей-ақ қой,
бір молаға бұл заман жерлемейді...
Мені жаттың жанына қостың ба анық?
Дұрыс!
Аяма жүрегімді босқын, ғаріп...
Ләйлісіне өмірі жете алмаған,
Мәжнүндейін қайтесің бос жынданып?
Мені сақтай алмадың...
Кем болғаның!
Сені сақтай алмадым....
(менде ол да мұң...)
Мәз боламыз несіне жалғанда бұл?
Менің жолым болмады...
Сен де оңбадың...
Бар мәселе сенімнің азында ма?
Жетер!
Енді жүректі жазымдама!
... Сенде қайдам,
мендегі Өмір деген
сен туралы енді Өлең жазу ғана...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу