Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  242


Автор: Индира Кереева

ҚЫЗҒАЛДАҚ ХИКАЯСЫ (аңыз баллада)

Шуақ шашып
жерде жатқан тасқа да,
....Алқызыл ма,
әлде түсі басқа ма?!!
Көктем келген сайын
күнге еркелеп,
Жалғыз түйір гүл өсетін бақшада.
Кім біледі,
бар екенін не сыры?
Табиғаттың солай ма екен шешімі:
Басқа гүлдер сияқты емес,
сол гүлдің,
атауы да қыздың әсем есімі.
Бір көргеннен бәрін баурап алатын,
Сабырлының тауысатын тағатын,
Сол жалғыз гүл
бір-ақ түнде бүр жарып,
Үш күннен соң
өзі ақ солып қалатын...
Өзге гүлдер
тауып тұрса үйлесім,
Жалғыз өзі тұрар мұңлы күйде шын...
Жазылмаған заң бар еді
«гүл өскен жерге адамның,
мал табаны тимесін!
Жұлуға әсте болмайды қас, досқа да;
сыйлауға да болмайды оны басқаға.»
Шындығында сол гүл жайлы ертеден,
келе жатқан бар еді бір әфсана...
Аңыз ба екен,
шындық па әлде...
Білген кім?!
Ертеректе...
Күнінде бір күндердің:
Байлығына сан жетпес бай болыпты,
Жауызы еді бірақ өмір сүргеннің.
Жан баласын жолатпайтын жанына,
Дөкірлеу бір мінезді еді тағы да.
«...Мына қызға ертең біреу үйленсе,
Сол ие боп қалады ма малыма?!»
Жауыз байда пейіл пасық,
арман кем,
Пайдасы не
қыруар байлық болғанмен.
Дәулеті мен қазынасын қызғанып,
Өлтіріпті жалғыз қызын қанжармен.
Қатыгездің жазасынан қайғырып,
Күн тұтылып,
жаулап кетті Айды жұт.
Жазығы жоқ жанның
қанын жұта алмай,
Қара жер де қалған дейді қаймығып...
Жалған ба,
әлде расы ма,
кім біліпті?!
Құдай өзі жағады екен үмітті.
Қыздың қаны тамған жерге бір күні,
Жалғыз түйір бір гүл өсіп шығыпты.
Қызғылт ымырт.
Күн еңкейген шақ кешкі:
Ел бірінен бірі мұны жатты естіп.
Өздігінен өскен гүлді адамдар:
«Бұл – Қызғалдақ,
қыздан қалған дақ» десті...
... Ұмыт болып сол оқиға кешегі,
Содан бері талай заман көшеді.
Ал Қызғалдақ тек көктемде, үш-ақ күн,
адамдардан алшақ... Қырда өседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу