Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  91


Автор: Сәкен Иманасов

Басылар ма басыбайлы өксігім

Басылар ма басыбайлы өксігім,
аспаным бір ашылар ма,—
өтші, күн,
даусымды айқын шығартпай да барады,
бұл не деген таусылмайтын көп шығын?!
Бір үмітім бір үмітке жалғанбай,
көлдің түбі көрініп те қалғандай,
жерде жоққа жерік қылған көңілім,
құдай өзі беріп тұрған барды алмай!
Жарылқайтын жақсыларды жайдарлы,
жасағанның шапағаты қайда әлгі?—
Көкіректі көрік үн де қыздырмай,
сенімім де сарқылуға айналды.
Сығырайын тесігінен түңліктің,
тымырайып тұрып алды ілбіп күн,—
Сәл үдетіп сыздауықтай сарынын
дәмі кетіп бара жатқан тірліктің.
Аңғара алмай —
жөнім қайсы,
жосығым,
жосығымның жоқтығынан шошыдым,
көгерсе де, не берсе де —
көретін,
тезірек бір өтсе деп ем осы күн!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу