Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  115


Автор: Сәкен Иманасов

Өкпелеп итіне де

Өкпелеп итіне де,
битіне де,
бұзылып бара жатыр ұйқы неге,—
күлді ме қайдағы бір сұмырайлар,
үрді ме құдай атқыр күйкі неме?
Қатарлас,
қарады деп,
ер кекиіп,
Қайтерсің беттің арын белге түйіп,—
Ашылмай қарсыластың қабағы да,
жүрген жоқ табаны да жерге тиіп.
Бұл күнде жалпағынан қырды басып,
біреулер қатарынан тұрды ма асып,
құрбымен күш сынасып шыға келер,
кеу-кеулеп,
кеуделерін ұрғыласып.
Өзіңнен төмендер де,
кемеңгер де,
еңіреп елдің қамын жегендер де
алқынып,
алып-ұшқан көңіліңді
айналып отырып-ақ бөгер демде.
Ол үшін жылайсың ба,
күлесің бе,
әйтеуір, жүрсін дейсің ұл есінде,—
көңілің шарламас та қиырды аса,
өзіңе бұйырмаса үлесің бе!..
Қарамай қауқарына хал-шаманың,
жасымнан иілуді ар санадым,—
таппадым туралықтың жолын өңге,
қайда жүр сонымен де жанса бағым!
Көріп ем қыр көрсетіп жатқа біраз,
одан да ұтып келе жатқаным аз,
Не қалды бардан безіп,
тоналмасқа,
көңілім одан басқа таппады лаж.
Бұл күнде әлекедей жаланбайды ән,
титықтап,
тығырыққа қамалды айлам..
...Жаман деп барлығынан безер едім,
жақсыны, шіркін, бірақ табам қайдан?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу