Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  189


Автор: Сәкен Иманасов

Ағаш ат

"Жарашы деп пайдаға",—
ағасы атқа мінгізді.
Бұл да қарап айнала,
құлға балап жүр бізді.
Қала да шат,
дала шат,—
Қабағын бір ашқанда,
астындағы ағаш ат
алып ұшты аспанға.
Араласып бұлтына,
аспаныңды шарлайды.
Қош айтысқан жұртына
көз қырын да салмайды.
Түк көрінбей кезіне,
жарылуға шақ қалды
Құдіреттің өзіне құл
болдым деп мақтанды.
Кісі болып көшелі
Қонды басқа бақ түрлі.
Туысының кешегі
төбесінен шаптырды.
...Дана да шат,
бала шат,
Қолпаштайды, көнеді.
Астындағы ағаш ат
алып ұшып келеді.
Ақыл айтар жоқ пендең,
асып-тасып бір кетті.
Ұшары ұшып кеткенмен,
қону жайын білмепті.
Қызығарлық бір көрген,
көк жүзінде жол да көп.
Ұшуы — ұшып жүргенмен,
қонуы енді болды әлек,
Есер ме еді, ез бе еді,
ойламаған алды-артын.
Қона алмасын сезгелі
саябырсып сәл қарқын.
Не болар деп енді өмір,
жетпегені-ай жетенің,
Түптің түбі жерге бір —
түсу керек екенін.
Болашағы бимәлім,
қайда барса — қырсығу.
Үйіреді иманын,
жиіледі күрсіну.
Уға барып ұрынып,
суға түсіп кетер ме,
ағасы іштей тұр ұлып:
"Ұшырдым,— деп, - бекерге!"




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу