Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  111


Автор: Сәкен Иманасов

Тірлігімнен тук өнбей

Тірлігімнен тук өнбей,
тілім неге байланды?
Жан-дүнием түгелдей
жаңғырыққа айналды.
Жазбасын де кеселге,
жауға айналып тұр белес.
Қанша таяқ жесем де,
қайтейін-ай, кірмеді ес!
Қарамаппын әліме,
қарайғанды дос деп пе ең,
жұрағаттың бәріне
жүгірумен өшті өкпем.
Көп сырымды ішті емге
"көрікпелі" бар ағай, —
сергелдеңге түскенде
септесуге жарамай.
Тағы алам ба көпке мін,
талады деп жат талай.
Досқа деген өкпенің
іште бұғып жатқаны-ай.
Қателесіп жүрдім бе,
кеше ғана көп едім.
Жерге қарап бір күнде,
желім болды жегенім.
Ірің болып ішкенім,
іркілдім де қалдым мен.
Күресуге күш кемін,
қулар қалай дәл білген!
Шықпайды ащы қалай үн,
шындықтан да түңілдім.
...Қоя қойшы, ағайын,
Керегі жоқ түгіңнің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу