Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  102


Автор: Сәкен Иманасов

Не шығар?

Бүлініп біржолата ел дегенің,
не болар енді келіп жөндегенің,—
асығып азаматы айдалаға,
басынып бара жатса пенделерің.
Отырса ата-анасын алдап ұлы,
кісілік қасиеттің бар ма құны,
Қарамай шеніне де, шекпеніне
шын сеніп сыйласарлық қалмады ірі.
Ардың да, ақылдың да құны кетіп,
қасыңнан қадірсізі күліп өтіп,
шіркінге шен тигенде, шелтигенде
ағасы қарай алмас ініге тік.
Бірінің көкейіне мұң дарымай,
қырсығып, құдай атып тұрғанын-ай,
шен десе өліп-өшер, көңіл өсер,
қайтсін-ау, болсам демей құл да құдай!
Ұрының жасырулы мылтығындай,
кім кімнің қолтығына жүр тығылмай.
Бәрінің арты қуыс, амал қанша,
қайтсін-ау, қысылмай да қымтырылмай!
Бұл күнде — зерделі ме, зейінді ме,—
тарылтып қойды құдай пейілді де,
Амалсыз ұрғылайсың маңдайыңды,
берем деп қандай үлгі кейінгіге!
Түңіліп дәл осындай пенделерден,
бүлініп бара жатыр ел дегенмен,
Бәрін де көре тұра - бердік ерік,
не шығар енді келіп жөндегеннен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу