Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  94


Автор: Сәкен Иманасов

Кісінің кешпейтін ем пенделігін

Кісінің кешпейтін ем пенделігін,
күмілжіп отырғаным мен де бүгін,—
бар аймақ осы күні ірі тұтқан,
қарайлап көңіліне төрдегінің.
Шынында, қарашы өзің, "көпшіл" анау,
жараспас алды-артыңды топшыламау,
Жеткізіп үнін көкке,
мінін бетке
айтар ем,—
мен ақымақ боп шығам-ау!
Кіріптар оған бүгін жұрттың көбі,
көпшілік қашан өзін "қыртпын", деді?—
үнімді қойды бәрі енді өшіріп,
қайтейін, пендешілік, құрттың мені!
Ойламай біреуі де "ол қалайды",
алдына түсіп алып жорғалайды.
Итіне талатса да, жаратса да,
амалсыз өзіне кеп қорғалайды.
Іштері сезе тұра аярлығын,
аяғын жаламапты ел қай әлдінің,
бірдеме дейін десең, шеттерінен
ит қосып қууға да даяр бүгін.
Тура айтып, тіке тартып, өтші басым,
оны да "топ" өзінше топшыласын:
айналып әділдігің аусарлыққа,
ақыры сен ақымақ боп шығасың.
Қылығын көре тұра төрдегінің,
айта алмай, амал құрып, елге бірін,
Кешірмес пенделікті қайран басым,
күмілжіп отырғаным мен де бүгін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу