Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  158


Автор: Сәкен Иманасов

Айтам енді

Айтам енді...
Айтсам деген сезің ен,
Дүниеге қарап шындық кезімен,
Ар алдында мен өзімді әрдайым,
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем.
Шындық үшін шайқасудан бір талмай,
Айтарымды айтам елге бұлтармай,
Бас кетсе де –
тұра алмадым үндемей
Жалғандықты жалғыз өзім құртардай!
Өз басыма ерекше бір күй іздеп,
Көрген жоқпын көрінгенге киіз боп.
Бір жақсылық аңсап тұрар көңілім,
Әлдекімдер жатқанда да «мүйіздеп»,
Өтірікті –
Өміріммен қоса ерген, –
Көре тұра
Қалай ғана кешем мен.
Аңырап та қалған шағым болды, рас,
Жәбір керіп қайдағы бір есерден.
Енді осылай өтер өмір, етер күн,
Шындық үшін не болса да көтердім!
Мен айтпай-ақ белгілі ғой халқыма,
Бірі емесім,
Үні шықпас жеке ердің!
Расында,
Қырланбай да бұлданбай,
Айтады елге ащы-тұщы сыр қандай, –
Ар алдында ақын өзін әрдайым
Сезінбесе дар алдында тұрғандай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу