Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  113


Автор: Сәкен Иманасов

Ести-ести ежелгі ескі үндерді

Ести-ести ежелгі ескі үндерді,
Ұқсамайын дедім де
ешкімге енді.
Айһай деген,
Борандай бұрқырап бір,
Бөскім келді,
Менің де бөскім келді.
Ауыздыға айнала сөз де бермей,
Бескім келді менің де
Өзгелердей.
Аяқ ізі түспеген алысты аңсап
Құлан іздеп,
Құладүз кезген ердей.
Шешен жоқтай
Менімен теңдес тілге,
Қара сөзде жанға дес бермеспін де,
Дедім де бір
даралау кеткім келді,
Өткім келді ұқсамай енді ешкімге.
Сынамақ та ем біржола бағымды әрі,
Қазақта жоқ сез бірақ табылмады.
Тұмсығы тасқа тиген мекіредей,
Осы болды-ау тауымның шағылғаны.
Басылып бірте-бірте асылық сәт,
Өмірдің ақырын кеп нәшін ұқсақ,
Қашан да тұрады екен
Қазағыңның,
Біріне бас, біріне қасың ұқсап.
Көнді деп,
Қанша жүйрік сөз ырқына,
Кетсең де елден ерек тез ұмтыла,
Ұқсамау мүмкін емес екен тегі
Өмірде,
Өлеңде де өз ұлтыңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу