22.07.2021
  292


Автор: Өтепберген Ақыпбекұлы

Ойын бөлмесінде

Ұзын ба, қысқа ма?

Тәрбиеші.
Кел, балалар, келіңдер,
Бірің шеттеп, тыс қалма.
Ойын ойнап көріңдер,
Аты: «Ұзын ба, қысқа ма?»

– Жол ұзын ба,
Қысқа ма?
Қол ұзын ба,
Қысқа ма? –
Деп сұрасам сендерден,
Не деп жауап берген жөн?

Балалар.
Жол ұзын,
Қол қысқа.

Тәрбиеші.
Қасық ұзын ба,
Қысқа ма?
Асық ұзын ба,
Қысқа ма? –
Деп сұрасам сендерден,
Не деп жауап берген жөн?

Балалар.
Қасық ұзын асықтан,
Асық қысқа қасықтан.

Тәрбиеші.
Айтқанды тез ұқтыңдар,
Түрлеріңнен айналдым!
Көңілімнен шықтыңдар,
Ойынды әрі жалғаймын.

Ойынның нұсқасы

Кеме ұзын ба,
Қысқа ма?
Шеге ұзын ба,
Қысқа ма?
Шаш ұзын ба,
Қысқа ма?
Қас ұзын ба,
Қысқа ма?..

– Апай!..
– О не, Асылжан?!
– Менің қасым
Шашымнан
Ұзын...
(Балалар күледі.)

Тәрбиеші.
Міне, бәрі болды анық,
Өте дұрыс жауап бұл.
Әр сұраққа ойланып,
Жөн айтуға талап қыл!

Бұл қай мезгіл?

Тәрбиеші.
Нұрға толып бар аймақ,
Күн шығады арайлап.
Ұйқымыздан тұрамыз,
Беті-қолды жуамыз.
Көкемізге ереміз,
Бақшамызға келеміз.
Айта қойшы ал, еркем,
Бұл қай мезгіл?..
Балалар.
– Таңертең...
– Таң...

Тәрбиеші.
Тамақтанып аламыз,
Біз тәртіпті баламыз.
Және ұйықтаймыз, тұрамыз,
Серуенге шығамыз.
Қыдырамыз далада,
Сіміреміз таза ауа.
Бұл қай мезгіл,
Бұл қай кез?..
Айта қойшы,
Ал бол тез!

Балалар.
– Түс…
– Түскі кез…

Тәрбиеші.
Ыстық қайтты,
Түс ауды, жер тершіді, бусанды.
Серуеннен қайтамыз,
Ойнаймыз,
Ән айтамыз.
Жеңіл тамақ ішеміз,
Бұл қай кез деп білеміз?
Қане, қайсың білесің?

Балалар.
– Бұл... Бесін...
– Бесін...

Тәрбиеші.
Көлеңкелер ұзарып,
Күн батады қызарып.
Шешемізді күтеміз,
Көкемізді күтеміз.
«Апай! Сау бол!» – дейміз де,
Бет түзейміз енді үйге.
Бұл қай мезгіл,
Бұл қай кез?
Айта қойшы,
Ал бол тез!

Балалар.
– Кешкі кез…
– Кешкілік…
– Кеш…

Тәрбиеші.
Үйлерде шам жанады,
Маңай тастай қараңғы.
«Шаршадың ғой күн ұзын,
Ал ұйықтай ғой, құлыным...
Демалады бар әлем...» –
Деп, әлдилер ақ әжең.
Айта алады мұны кім,
Бұл қай мезгіл?

Балалар.
– Бұл... түн...
– Түн…

Тәрбиеші.
Бес мезгілді қайтадан
Жүйелеп кім айта алар?

Балалар.
Таңертең – таң,
Түс, Бесін,
Кеш, Түн.

Тәрбиеші.
Мұны білгесін,
Есімізде сақтайық,
Ұмытпайық,
Жаттайық!
Ары қарай сана

Тәрбиеші.
Сан санайық мүдірмей,
Бар ма, қане, талапкер?!
(Балалар: «Мен! Мен!» – деп дуылдайды.)
Ал, Бейсенжан,
Кідірмей,
«Беске» дейін санап бер!

Бейсен.
Бір, екі, үш, төрт... бес!

Тәрбиеші.
О, Бейсенжан, жарадың,
«Бесті» санды өте тез
Әрі дұрыс санадың...
Енді, Ерік, шырағым,
Санай қойшы, мұны әрі.

Ерік.
Алты, жеті...

Тәрбиеші.
Жә, жә... жетті...
Күләш та тыс қалмасын,
Жетіні әрі жалғасын.

Күләш.
Сегіз, тоғыз, он...

Тәрбиеші.
Артсын, күнім, талабым!
Жаңылыспай, орнымен
Онға дейін санадың.
Ал, балалар!
Кідірмей,
Сан санайық тағы да.
Онға дейін мүдірмей,
Кім санайды,
Дайындал!
Тәрбиеші.
Қиын болмас, сірә, бұл,
Асықпайық, таспайық.
Барлығымыз мына бір
Санамақты жаттайық.

Кері қарай сана

Тәрбиеші.
Ойланайық бір мезет,
Абайлайық, қарайық.
Санды енді тізбелеп,
Кері қарай санайық.

Ұғымталға бәлендей
Қиын емес бұл талап.
Бестен төмен, бөгелмей
Бере алады кім санап?

Бірінші бала.
Бес, төрт, үш...

Тәрбиеші.
Дұрыс... дұрыс санадың,
Тағы ойланшы, қарағым...

Бірінші бала.
Екі, бір.

Тәрбиеші.
– Өте дұрыс, міне, бұл!..
Ұғымталға бәлендей
Қиын емес бұл талап.
Оннан кері, бөгелмей
Бере алады кім санап?

Екінші бала.
Он, тоғыз, сегіз, жеті...
Алты... бес...

Тәрбиеші.
Бұл ойынның негізгі
Орындайық шартын тез...

Көп тұрмайық кідіріп,
Қиналмайық, қысылып.
Ал бәріміз бірігіп,
Сан санайық, ысылып.

Кері қарай санаудың
Қиындығы бары рас.
Ұштай түскен талабын
Тез ұғынар, жаңылмас.
Жәркен Бөдешұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу