Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  165


Автор: Өтепберген Ақыпбекұлы

Киіктер патшасы

Қатысушылар:
Шынбала – 10-11 жасар оқушы бала
Шерата – Шынбаланың атасы
Хан, қыз, қарт, көпшілік қауым, киіктер

Оқиға көне ғасырлардағы қазақ ауылында өтеді.

Шынбала.
Ата, ата жаман зерігіп кеткенімді қарашы. Ертек немесе қисса айтып беріңізші. Айтыңызшы, құлағым сізде.

Шерата.
Осы күнгі балалар ертегі тыңдай ма, құлыным?

Шынбала.
Тыңдағанда қандай, егер тым қызық болса. Жаттап алам. Ертең мектепке барғанда, балаларға айтып беремін.

Шерата.
Айтайын, құлыншағым. Өзің айттың ғой жаттап аламын деп. Тек айтқаныңды екі етпей орындасаң болғаны.
Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні келтеде,
Осы біздің Жуалының жерінде,
Гүл жазира беліне,
Түркістан жақтан көшіп кеп,
Хан тігіпті ордасын.
Құдіреті күшті болғасын,
Аямапты ол жұртынан
Жүйрігі мен жорғасын.
Қора-қора қой емес,
Түмен-түмен түйе емес,
Үйір-үйір жылқы емес,
Аң сұлуы киікті
Қолға үйретіп бағыпты.
Әр киіктің мойнына жез қоңырау тағыпты.
Киіктерге Сері Хан,
Ұрыспайды екен зекіріп,
Өңшең ерке жануарлар,
Ақ орданың алдында,
Ойнайды екен секіріп.

Шынбала (кенеттен).
Ондай, ондай қоңыраулы көп киік,
Жоқ қой бүгін бұл маңда.

Шерата.
Қайдан болсын!
Себебі,
Киіктердің орнына
Құлақтары салпиып,
Қалыпты өңшең есегі.
Паровозын ышқынтып,
Ұшақтарын ысқыртып,
Машинасын зулатып,
Зауыттарын шулатып,
Осы заман келгенде,
Әлгі ерке киіктер үркіп кетті деседі.

Шынбала.
Түсіндім, ата, түсіндім,
Ішімде күдік қалмасын.
Айта бер, ата, айта бер,
Ертегіңнің жалғасын.

Шерата.
Күндердің бір күнінде көрсеқызар бір мерген,
Жай мерген емес, сұр мерген –
Қоңыраулы бір киікті
Көздеп тұрып атыпты.
Атқан оғы тиіпті,
Киік сұлап жатыпты.
Қапы қалған күзетші
Қатыгез әлгі мергенді
Ақ орданың алдына
Байлап-матап апарған.
Оны көрген қатал хан
Қара аюдай ақырып,
Уәзірлерін шақырып,
Киікті атқан қаскөйді
Дара ағашқа «ас» дейді,
Қанын судай «шаш» дейді.
Хан жарлығы орындалмай қалар ма,
Қылмыскерді алып келді алаңға.
Ауылдағы бала-шаға, қариялар жиналды,
Ақ жаулықты әжейлер жасын іркіп жанарға.

Хан (айғайлап уәзірге).
– Мойнына арқан сал, – депті.
Киікті атқан пендеден
Үрей кетті,
Әл кетті.

Дәл сол шақта бір жас қыз,
Шыр-шыр етіп, шыр етіп,
– Қасиетті Хан ием,
Сізге датым бар, – депті.

Хан (ақырып).
– Кімсің? – депті,
Екі көзі қарайып.

– Сұр мергеннің қызы еді, –
Деп шулады халайық.

Хан таңғалып, аңырып, қызға тағы қарады,
Келбет, көркі табиғи жанын баурап барады.
Таңғажайып сұлулық құндыздай боп құбылды,
Мың мұралып, бұлықсып, алма мойыны бұрылды.
Бұрылды да, хан алдына жүгінді.
Дидарынан таралар іштен шыққан жан-шуақ,
Жақұттайын жанары –
Жарқыраған шамшырақ.
Ақ маңдайы кең екен,
Рулы ел кеп қонғандай.
Бұрын-соңды болмаған құбылыс екен, о, ғажап!
Жерге түсті амалсыз хан тағынан домалап.

Хан.
Беу, сұлу қыз, бөгелмей датың болса айт, кәні,
Сендей жанды қор етіп, қорғалату обал-ақ.

Қыз.
О, хан тақсыр, жан тақсыр,
Салмақ түсті санама.
Менің жалғыз әкемді
Аспаңызшы дарға.
Құлақкесті күң болайын ордаңа,
Қуыршақ боп өтейін,
Бар тілегім сол ғана.

Хан.
Жұпар иісі аңқыған,
Жұтындырған орданы,
Күңім болмай солмайтын,
Гүлім болшы қолдағы.
Қуыршақ болмай,
Жанға жайлы жарым болшы айнымас.
Бақыт еді бұл қандай,
Сені күтіп тұрғандай,
Тоғыз ұлдың толғағы.

Қыз.
Қарағай сынды, хан мырза,
Айтқаныңа көнейін.
Оттай ыстық құшағыңда өлейін.
Айың болып аймалап,
Күнің болып өбейін.
Жүрегіңді жүдетпей,
Махаббатыма бөлейін.
Хан.
Ұқсайтұғын пенде емес,
Тәңір сызған мүсінге,
Сендей жанды тудырғаны үшін де.
Өлтірмеймін, періштем, өлтірмеймін,
Сенің туған әкеңді,
Екі қолын сыбанып,
Қызыл қанға малса да.
Орындалды тілегің,
Жалынба да, шаршама.
Қу темірге жастайынан қол артқан,
Өзің сынды жас киікке оқ атқан,
Әкеңіздің екі қолын кесемін.
Оң жақ көзін оямын,
Келісесің бе осыған,
Ей, сұлу қыз, жомарт жан?

Қыз.
О, ақылды хан ием,
Сабырлық қыл, саспаңыз,
Пендеңізді әділетке бастаңыз.
Көкешімнің киікті атқан мылтығын,
Ел алдында отқа жағып тастаңыз.

Жүрегімді жаралады-ау бұл қайғы,
Бала әкесін жамандыққа қимайды.
Бостандыққа денін сау қып шығарсаң,
Ол да сізді құлдық ұрып сыйлайды.

Малтыққандай бұлдыраған сағымға,
Хан ойланып үнсіз отыр тағында.

Хан.
О, халайық, төрелігін сендер айт,
Мынау бейбақ шақырып тұр сабырға.

Топ ішінен бір қария: – Дат! – деді. –
Бұл өмірдің көп қой, тақсыр, әттеңі.
Кешіре гөр қателескен пендеңді,
Қызын сүйсең, әкесі оның жат па еді?!.
Адал екен тулап тұрған жүрегі,
Қабыл болсын жас арудың тілегі.
Мен қияйын адал некелеріңді,
Сұлулықтың солмасын деп реңі.

Хан тізерлеп, қарияға бас иді,
Қыздың көңілі тас бұлақтай тасиды.
Қарияға қол қусырып: – Құп, – деді, –
Адамзатққа ақыл сөзің құт, – деді. –
Орда алдына аппақ отау тік, – деді.
Осы емес пе халайықтың күткені.

Ару қандай ақылды!
Патша қандай ақылды!
Іші күйген қызғаншақтар аһ ұрды.

Ертеңінде жүріп жатты той қамы,
Шақыратын мейманын хан ойлады.
Сонау аспан елінен
Ай, Шолпанды шақырды,
Айдың көлдің аққу, құсын шақырды,
Саңқылдаған шағаласын шақырды.
Батыстан да, шығыстан да шақырды,
Қырымнан да, Ұрымнан да шақырды.
Ертеңінде бір ұлы той басталды,
Гүл атаулы шешек атып бас жарды.
Бұлбұл торғай, тотықұстар сайрады,
Қоңыр самал әлдиледі жас талды.
Осы тойға өнерпаздар көп келді,
Би биленді, ән шырқалды,
Хан аямай бар ырысын төккен-ді.
Жас жігіттер қыздырғанда көкпарды,
Сәйгүліктердің тұяғынан от жанды.
Әрі сұлу,
Әрі ақылды,
Қатал Хан ел-жұртынан аяған жоқ,
Жоқ-барды.

Өз халқының айнымайтын досындай,
Біздің елде,
Біздің жерде хан болыпты осындай.
Адам түгіл, төрт аяқты киіктер
Еркін өмір кешіріпті шошынбай.

Ондай ханға құл болсаң да арман жоқ,
Бұл аңызды айта алар кім жалған деп.
Жанталасып жатқан мынау жалғанда,
Әділдік те, жомарттық та қалған жоқ.

Ашылмай тұр бұл заманның қабағы,
Нарық деген күнде алқымнан алады.
Жемқорлар да, емқорлар да көбейді,
Яки сатып, яки атып алады...

Өмір сүріп жатырмыз алаңдатқан заманда,
Кедей байды, бай кедейді талап жатқан заманда,
О, тәңірім, өз қолыңмен жараттың,
Сабырлық бер,
Қанағат бер адамға!

Шынбала Шератасының мойнына асылып, көзін уқалайды.
Атасы ойлы қалпында орнында отырып қалады.
Немересі қарттың құшағында қалғып кетеді...

Соңы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу