Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  313


Автор: Нұргүл Беркімбай

Қазығұрт

Қысы – жылы, көктемі – нұр, жазы – құт,
Күллі әлемді тамсандырған – Қазығұрт.
Пайғамбардың ізі қалған бұл тауда,
Баурайынан бақыт тапқан бағзы жұрт.

Иншалла деп имандары жарасқан,
Ақбураға ағылды жұрт алаштан.
Доланалы сайларыңа бір түнеп,
Қазбауыр бұлт биігіңе таласқан.

Отын теріп, алау жақтым нуынан,
Талай таттым Тамшыбұлак суыңнан.
Адамзаттың ата жұрты өзіңсіз,
Күнәсі үшін жұмақтан  қуылған.

Ел алдында парызымды өтеуден,
Түренімді тыңға салып төтеннен.
Бала шақтан болашаққа бет алсам,
Сені қалай қиып тастап кетем мен.

Алмағайып бір күн туса басыңа,
Қазығұртым, киелім- ау, жасыма.
Өлең болып өрілермін бір күні,
Сан тарихтың ізі қалған тасыңа.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу