Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  163


Автор: Нұргүл Беркімбай

Сен кеттің...

Сезім түссе жүрек шалқып нұрланады,
Жан-жүректі шыдатпай.
Ұйқымды ой ұрлап алды, ақтарылып бұлақтай,
Бұл тағдырды сұрап алдым Тәңірден.
Көрінетін жұмақтай.

Қаладық па бұл тағдырды өмірде,
Сызат қалды сезім толған көңілде.
Мәжнүн кейіп мұңдарыммен мен қалдым,
Сені таппас шексіз-шетсіз өңірде.

Мен жүрекпін-толықсыған теңіздей,
Болған едік ажыралмас егіздей.
Қайда кеттің оралмас бір сезімім,
Өтті өмірім, алыс қырдан сені іздей.

Мен - құмырсқа жерде  илеу илеген,
Алтын жаулық күміс көйлек кимеген.
Сен - қырансың көкке жайған қанатты,
Құмырсқаға мейіріммен имеген.

Қыран құс пен құмырсқа мүлде бөлек,
Түсінерсің мұңымды жыр деп ерек.
Жалынқұмар болғанмен, әнім шынар,
Мен - дегенің қанатсыз бір көбелек.

Көңілімнен көктем нұрын көрсең де,
Ғашық болса құтыла алмас әр пенде.
Құлыпталған жүрегімнің есігін,
Ашатұғын бір алтын кілт бар сенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу