Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  174


Автор: Бақыткерей Ысқақ

Гүл өмір

Жұпар исін, бұрқыратса гүл егер,
Бақ ішінен ақырындап тере бер.
Қызыл іңір, тірегенде тұмсығын
Қабағыңнан түнді аунатып түрегел.
Қызыл - гүлді,
Сары - гүлді,
Ақ - гүлді,
Жапыраққа сәндеп ора әр түрлі.
Үзген сайын, жас өмірдің ғұмырын
Есіңе алғай жалбарынып -
Тәңірді!
«Гүл - қоздырар,
Адамдардың құмарын,
Гүл - жаздырар,
Ақындарға жыр - әнін.
Гүл - қосады,
Ғашықтарды - мәңгілік,
Гүл - ашады,
Махабаттың бұлағын!
Гүл - өмірің,
Гүл - тіршілік, жайнасын,
Шаң баспасын жарқыраған айнасын.
Гүл - бақытың,
Гүл - сағыныш,
Мейірім
Гүл - тамыры - жүрегіңе байлансын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу