Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  159


Автор: Бернияз Күлеев

Неге?

Жұрт жатқан жеті түндерде,
Неге бұл ұйқым келмейді?
Сайраған құстар үндерге,
Ой неге көңіл бөлмейді?
Жүрегім неге тоқтамай,
Дүріс те дүріс соғады?
Елеулі ойды жоқтамай,
Құлағым нені ұғады?
Аязда тұрған алмадай,
Ақ жүзім неге суиды?
Айбары суық найзадай,
Қай қиял маған жуиды?
Ойларға өзге бой берген,
Не мені алған шырмытып?
Өзгені онша қол көрмей,
Жүректі сорға сыздатып.
Қорықпай, саспай тереңге.
Ой неге мұнша бойлайды?
Бар ойды тастап бір өңкей,
Бұл көңілім нені ойлайды?
Алқынып асау жүрегім,
Жас неге сел боп парлайды?
Жүрекке қосып тілегін,
Домбырам неге сарнайды?
Сыр бермес, ортақ шешен тіл,
Айтпайды ашып мән - жайын.
Ашылмас езгі ауыр сыр,
Барлығы мұнда дап - дайын...
Айтпай - ақ құрбым білерсің,
Басыңнан талай кешкенді.
Көремін тәуір жүйесін
Үндемей ішкен шешкенді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу