Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  178


Автор: Анар Шамшадинова

Мен сені сүйіп өтем

Өмір үшін үміт пен арман керек,
Сенім болса жұмаққа бақсы апарар.
Кейде ұрсып, кей кезде қалған жебеп,
Кешіріңдер әз аға, жақсы апалар.
Қиял керек, ол деген сағым емес,
Қиялдармен кейде адам жасарады.
Ал махаббат ол менің бағым емес.
Қасқа жүрек өлеңді тасалады.
Өлең мені қинап ап, дем береді,
Өлеңнен-ау сонда өлмей қалғаным да,
Менің бүкіл бейнемді ел көреді,
Бергенімді көбірек, алғанымды.
Сақтап қала алмадым сезімімді,
Кешір мені, жан әке, нақылы көп.
Алматының осы сәт көзі ілінді,
Бақырайған жұлдыздар ақылы жоқ.
Кешір мені, анашым, жинасам ғой,
Әр жасыңды, өзімді қамшылаймын.
Күз келгенде көңілсіз қинаса ой,
Жаңбыр жыр боп, мен сұлу тамшыдаймын.
Ақбас таулар, теңіздер жол ашады,
Сары далам сырыңды жиып өтем.
Шақырады мені алға болашағым,
Жалған өмір, мен сені сүйіп өтем!
* * *
Самалға сауда жараспас,
Қытықтайды жел тегін.
Қинайды тағдыр қараспас,
Өлеңді өрген тентегін.
Үмітім елес біткені,
Үмітсіз қайда бармақпын?
Жаман жолмен жеткені,
Төбемнен түскен қармақтың.
Тәңірдің жоқтай көздері,
Жазықсыз өртке шарпылдым.
Алдауға жұлдыз төзбеді,
Жарқ етіп сөнді, шарқ ұрдым.
Әлемнің беті қалың ба,
Ұялмай тірлік жалғады.
Тек өзім түстім жалынға.
Ол қара басын қамдады.
Сүйдім де, сол-ақ шарт сындым,
Сұп-суық оның жанары.
Қуатсыз бүркіт қарт сынды,
Бүгілдім, сәтсіз сонары.
Табиғат қылып ашықтық,
Жаңбыр ғып нұрын, қар етіп,
Тек азаптайды ғашықтық,
Сүйікті жанға зар етіп.
Ай туса далам сүмбілсің,
Сәуледен сарқыт тергенде.
Өкінер ме едім, кім білсін?
Сүймейтін жүрек бергенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу