Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  163


Автор: Анар Шамшадинова

Өмір маған, жан әке, керек емес

Жабырқаймын, мұң ғашық кезім бе еді?
Сенің бейнең елітіп елестердей.
Балаңдықпен бақ қуып, сезімге ердім,
Қайғы барын өмірде мен ескермей.
Қаталдыққа кезігіп, жанып тағы
Қара түнек басқандай айналаны.
Сенің ғажап дауысың сағынтады,
Ерке қызды мұнда кім айналады?
Ақ сағыныш аямас, жиып-терген
Сарсаң ойлар сұр күнде шаршатасың.
Туған өлке, тартасың биіктерден,
Сенің сұлу су, бауың, барша тасың.
Таусыла ма тағдырым күймей жансам,
Күміс күндер күмілжіп көктемеде.
Сен сүйетін өмірді сүймей қалсам,
Асыл әке, асқарым, өкпелеме.
Жаным әке! Жабықпа жараланып,
Жалын атып жастықта жана алмасам.
Алтын уақыт көшінен дараланып,
Шырынына жалғанның қана алмасам.
Бақыт деген балалық еріп кеткен,
Сағым сынды шақырған анда-мұнда.
Сендегі ұлы сенімді серік етсем,
Күш беретін ақылың жандануға.
Кейде күлкі сараң да, керең елес,
Сабыр бітер сары ғып сақтамасаң.
Өмір маған, жан әке, керек емес,
Үмітіңді өзіңнің ақтамасам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу