Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  107


Автор: Анар Шамшадинова

Көңілімді көтерші

Сәуле шашпай, сыр түйіп кешім күміс,
Сағынышқа тұншығып көкірегім.
Шаттанғаным соңғы рет есімде еміс,
Көңілімді көтерші, өтінемін.
Ән айтып бер, Шәмшінің әні болсын,
Елітсін де, ерітіп сипаласын.
Әуенімен жанымның кемі толсын,
Шаштарымды сазы оның ұйпаласын.
Ән салмасаң, оқып бер нәзік өлең,
Махаббат па, ғашықтық жайын айтсын.
Өлсем осы сезімнен азып өлем,
Қалтырамай қаңтарда қайың қайтсін.
Биге шақыр, ойнағын домбырада,
Шаңға батқан гитарды қолыңа алып.
Құмарлықтың күлігі болдыра ма,
Күнәларға көмдірер солын танып.
Көңілімді көтерші, шаршап жүрмін,
Алданамын, күлемін барлығына.
Толқынды оймен таңдарды қарсы ап жүрмін
Жалғыз қалдым, жасаған жарлығы ма?
Көңілімді көтерші, шаршап жүрмін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу