Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  109


Автор: Анар Шамшадинова

Кәрі Каспий өзіне қаратады

Кәрі Каспий өзіне қаратады,
Бір сыр бағам.
Сіз жайлы айтар ма еді?!
Толқындарды үздіксіз жаратады,
Бірақ, маған ол сізді қайтармайды.
Жаным менің жазықсыз ауырады,
Жағалауда аралда қалғандай боп.
Дүниенің дүрмегі табылады,
Бала – толқын, қарт – теңіз, аймаңдай көк.
Үнсіз ғана мен жүрем, өлем шулап,
Ән салады орынсыз шағалалар.
Кеудемдегі тіршілік әрең тулап,
Кінәм де жоқ біреуге таға қалар.
Шағаланың тербетіп тылсым әні,
Көкке қарап дәметіп шапағаттан.
Ай сәулесі әл бермес, құрсын бәрі,
Өлсем осы өлейін махаббаттан.
Меңіреумін, селт етпей шыңдаса ой,
Бірде жылап, бір сөйлеп тас бейнемен.
Менің жазған жырымды тыңдаса ғой,
Жетісудің жігіті Каспийменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу