Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  508


Автор: Жібек Ысқақова

БҰЛ ӨЛЕҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНАН

БҰЛ ӨЛЕҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНАН

Отыз жылда ел жаңа, жаңа далам,
Сұлулықты көмкерген жаңа қалам.
Азаттықтың бейнесін көрсететін,
Ән ұран мен елтаңбам қуат маған.

Тектілігі күш беріп көк бөрінің,
Азаттығын көрсетті текті елімнің.
Арыстандай айбаты бойындағы,
Кетірмеген қазақтың бек сенімін.

Бұрқыраған даланың шаңын жұтып,
Жолбарыстай бабалар арқыраған.
Бес қаруын сайлап ап, тайсалмады,
Тәуелсіздік таңы үшін жарқыраған.

Қарар болсақ тарихтың беттеріне,
Қол бұлғайды біздерге ғұн патшасы.
Сырт жауымен алысқан Мөде ханның,
Белгілі ғой ел үшін құр жатпасы.

Ойлайтұғын қашанда халық қамын,
Биік қойып өзіндік намыс, арын.
Қайсарлықпен атойлап атқа қонып,
Елі үшін шайқасқан Тұмар ханым.

Шайбанидің тұсында ел қиналды,
Өткеріп бастан қанша қасіретті.
Әбілқайыр хан болып, сол кездері,
Қорлықтарын қазаққа басым етті.

Ақ ордадан бөлініп туын тіккен,
Шабысымен бар маңды дүбірлеткен.
Керей менен Жәнібек сұлтандар бұл,
Қазақ халқын шынайы күлімдеткен.

Тектілік бар бойында, асыл жанды,
Мойындамас жан олар тасынғанды.
Өркендеткен хандықты, қалайша біз,
Ұмытамыз, Хақназар, Қасым ханды.

Сын берсе де қаншама қатал тағдыр,
Бас тартпаған алдыңғы қатардан бұл.
Орбұлақта атойлап аз әскермен,
Қырып салған қалмақты Салқам Жәңгір.

Ұмытылмас ғажайып хандық құрған,
Мейрімдікпен халқына мойын бұрған.
Әз-Тәуке, Тәуекел хан ерліктері,
Халықтың сенімдерін берік қылған.

Көшбасшылық көрініп бала кезден,
Төле биге байқалған, жүрек сезген.
Абылай хан үш жүзді біріктіріп,
Қорған болған еліне ала көзден.

Пешенеде жарқырап, жайнап бағы,
Кеудесінде атойлап қайнап қаны.
Кенесары есімі бізге мәлім,
Қазағымды басқарған соңғы ханы.

Төле би мен Қазыбек, Әйтеке би,
Билеріміз ғажайып етер мақтан.
Таң қалдырып шешендік сөздерімен,
Адамдардың шынайы көңілін тапқан.

Тарих болды осылай хандық дәурен,
Ашаршылық орналып жаңа әурең.
Қуғын-сүргін тағы бар жан ауырар,
Зиялылар қамалған жаңа даумен.

Боп жатқанда "Ақтабан шұбырынды",
Қазағыма сынды күн ұғынылды.
Аш-жалаңаш, шашырап қазақ халқы,
Тарих беті тағы да құбылынды.

Тұншықтырды мазақ қып қазақ тілін,
Әдебиетін ойрандап, азат күнін.
Бейімбет пен Сәкендер, Жұмабаев,
Арман еткен қазақтың азаттығын.

Азаттықты армандап жүргенінде,
Ұлы Отан соғысы ашты есік.
Ер адамдар соғысқа кетті тағы,
Отан үшін соғысты мақұл десіп.

Бұл күнді де өткерді қайсар қазақ,
Көрсе-дағы мұңаймай қанша азап.
Ер мінезді Мәншүк пен Әлиялар,
Оққа ұшты "етем" деп елін азат.

Бауыржанның ерлігі бізге аян,
Жазып кеткен мол азық, өмірбаян.
Жеңіс күннің арқасы, ардагердің,
Тұрса үстел үстінде жал мен жаяң.

Күндер өтті арада, сағат жылжып,
Ши шығарды орыстар арды бұзып.
Қонаевты орнынан алып тастап,
Қоя салды Колбинді отырғызып.

Бұған қазақ жастары қарсы шықты,
Талап етті биліктен әділдікті.
Қайрат пенен Сабира, Ләззаттарым,
Елі үшін ойланбай жанын тікті.

Желтоқсанның ызғары есімізде,
Қан жуылған мұздары ауыртар жан.
Өр мінезді жастардың арқасында,
Тәуелсіздік таң атып, шырқалды ән.

Назарбаев ұстап алғаш ел тізгінін,
Сезе білді халықтың жүрек үнін.
Астананы өзгертіп орталыққа,
Тапқырлықпен көтерді елдің жүгін.

Тұрғызылды гүлденіп бұл Астана,
Бәйтерегі аспандап, көкті тіреп.
Әр қаласы елімнің жандануда,
Астанамен жүрегі бірге үндеп.

Нұр-Сұлтан мен Алматы мегаполис,
Миллионнан көп халқы үндеп тұрар.
Шымқала да қосылды үшінші боп,
Тұрғындары көбейіп шаттық құрар.

Отыз жылдай Нұр аға ел басқарды,
Қолдап әркез қолпаштап көп жастарды.
Жаңашылдық әкелді бұл еліме,
Облыс қып өз алдына Түркістанды.

Елбасымыз орнынан кетіп өзі,
Президент боп Тоқаев орналасты.
Елім үшін қызметін етемін деп,
Ел алдында ант беріп, уағдаласты.

Дүние жүзі таныды қазақ елін,
Көзбен көріп ерекше ғажап жерін.
Әр қалаға келуде шетелдіктер,
Көтеріңкі күйде етіп көңілдерін.

Отыз жылда ел жаңа көрікті ел,
Шекарасы айқынды, берікті ел.
Сыйластық пен бірлігін ұштастырып,
Бар әлемге танылды ерікті ел.

Жасай берші отаным, Қазақстан,
Көрінбейтін індетпен арпалысқан.
Тәуелсіздік тұғыры биік болсын,
Нұрлы күндер көп болып таң қалысқан!

Ғажайып Қазақстан-2050 журналының меншікті тілшісі Жібек Искакова, Түркістан қаласы....20.07.2021ж



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу