Өлеңдер ✍️

  20.07.2021
  146


Автор: Анар Шамшадинова

Самға, сағыныш

Самға қарай самғасам ғой сағыммен,
Енді ешқашан оралмасам қалаға.
Ермесем ғой сайқал жемқор ағымға,
Көрмесем ғой адамдарды алаған.
Самға жетсем араласып желменен,
Құмға көміп бар аяулы сезімді.
Махаббатқа қолды бір-ақ сермер ем,
Қадірімді білмей жүрген кезіңде.
Тыныштықтың тәтті дәмін татсам ғой,
Шабытыма шырқыраған түн ие.
Ешкім көрмей, дымды білмей жатсам ғой,
Дағдарыстан дал болса да дүние!
***
Сам құмы, сағындым шаңыңды,
Балалық шағымды бал үнді.
Ертегін әжемнің нанымды,
Сен жайлы тақпақты жалынды.
Кезсем де, көрсем де өлке көп,
Дәл сендей сүймедім шағылды.
Күлмедім, жүрмедім еркелеп,
Іздеп те көрмедім бағымды.
Сам құмы, сағындым төбеңді,
Ой-қырды ізіндей түйеңнің.
Сезгенім, сенгенім көп енді,
Айтарым – өзіңді сүйемін.
Сам құмы сағындым сазыңды,
Жазыңды, көктем мен күзіңді.
Жанарды жайсаң жүз, наз үнді
Он алты жасында үзілген.
Мелшиіп сырыңа бекемсің,
Не ойлап жатырсың бүгін сен?
Сен мені таныр ма екенсің,
Құмыңда құлындай жүгірсем?!
***
Туған жерім шақырып қоңырлардан,
Талпынамын жандай бір бағы ашылған.
Онда әлемдік мейірім шоғырланған,
Онда менің сүйікті анашым бар.
Түгі де жоқ қызығар жалпақ дала –
Әр жерде бір бәйшешек қылтияды.
Сағынышым жүрекке салмақ қана,
Шын махаббат тереңде бұлқынады.
Құмды дала жайын жұрт біле ме екен?
Соқса асау жел таңданба бұл тосынға.
Еркелікке келтелік жүре ме екен,
Шын ұнатқан бір бала ол да осында.
Батасы бар мұнда өсіп, үйленгеннің,
Таң шапаққа сәріде шығып қара.
Мен сүюді даламда үйренгенмін,
Ал жылатып жүрген ол бұзық қала.
Кей адамның дұшпанын білгенімен,
Далам жұртқа жаяды шапағатын.
Мені Алматы ғашық қып жүргенімен,
Маңғыстауым – өзіңсің махаббатым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу