Өлеңдер ✍️

  20.07.2021
  189


Автор: Анар Шамшадинова

Бейнеу

Жалғыз емес, көлеңкеммен оңымда,
Қолымда мұң, көкіректе түйгенім.
Бір арманның кетіп едім соңында,
Саған қайтып келіп тұрмын, Бейнеуім.
Саған қайтып келіп тұрмын оралып,
Сырлар қалып, Жылдар салып араға.
Балаң шаттық, дүр үміттен тоналып,
Тек өлеңім жұбанышқа жараған.
Жауабым жоқ,
Сұрақ жүзбен қарама.
Кетіп едім бір арманның соңында.
Сыймағандай Маңғыстаудай далама,
Нән қалаға,
Сәл үмітпен қолымда.
Келіп тұрмын,
Құшағыңды аш маған!
Өмірім жас,
Көңілім бос шаршадым
ШЬІНДЫҚТЫ іздеп беймәлімге бастаған,
Нұрсыз дүние,
Дымсыз күнді аңсадым.
«Арманыңа адаспай жет» деп тілеп,
Анау жерде әкем қалған есімде.
Жаңбыр жаумай, желге ұшты көп тілек,
Әз анашым, Мәз балаңды кешірме.
Нөсеріңдей кейде жасым құйылар,
Бекет болған тауларыңа жақынмын.
Құлағымда,
Тұрағымда жыры бар
Сені сүйген Аманқостай ақынның.
Сенші, Бейнеу,
Топырағыңа табындым.
Таңда күлдім, түнде сен деп бүркеніп.
Қара қасын,
Дара даусын сағындым,
Жанар қайда?
Біздің үйдің үлкені.
Балалықтың өзгерген бе көшесі?
Жұмаш шешем қуалайтын жақпасақ.
Қыркүйектің достар бүгін нешесі?
Күтуде ме, мектебіміз қақпасы ақ?!
Өткізгенмін сенде қыс пен үр жазды,
Құр қиял мен мың ойлар боп ермегім.
Мынау жерде махаббат деп жыр жаздым,
Анау жерде ақ сезімге сенбедім.
Асығушы ек әлдеқайда ұл-қыздар,
Боз далада
Бозбаламен сырласқам.
Жырақ түзде кішірмеді жұлдыздар,
Бірақ бізді түсінбеді түнгі аспан.
Өңім өзге, құр мінезбен қайтпаған,
Арман адыра, Сенім сөнген күйдемін.
Үкіміңді,
Қиқы мұңды айт маған
Мен өзіңе келіп тұрмын, Бейнеуім!!!
***
Күдіксіз көрінген көзімде,
Сырымды ақтарсам жасымай.
Күздің бір кіршіксіз кешінде
Өзіңмен таныстым, Жасыбай.
Көз жастай мөп-мөлдір айдының,
Жағаңда жайлаған тыныштық.
Ешқашан көрмеші қайғы-мұң,
Жатысың мен үшін тым ыстық.
Маңдайға жазылған қазақтың,
Қуғын мен сүргіннен шошымай.
Кешсең де қаншама азапты,
Сен бірақ өлмедің, Жасыбай.
Сұлулық сен дер ем, сұраса,
Толқындар табысқан, тебіспей.
Жас талдар бимен ән құраса,
Бас суың күнменен өбіскен.
Баян тау құшақтап сезіммен,
Сен оған еркелеп тасымай.
Асығып аттандым өзіңнен,
Асығып жетемін, Жасыбай,
Асығып жетемін, Жасыбай.
***
Венгр жері суы көп,
Даласы егін, нуы көк
Кәрі Дунай зулайды,
Берекені қумайды.
Ғимараттар ғасырдан
Ғасырларға асылған
«Ио напот» деп таңдарда
Оятады жандарды.
Болашаққа асыққан
Кеудесінде тасып қан,
Шамдар сөнбей сыр тізген
Кештерде һәм күндізде.
Халық ұлы алаңда
Ескерткіш боп қаланған
Орталықтар жасанған
Гүл жұмақтай жас арман.
Жұлдыздары жымыңдап
Аспанында мұңым қап,
Келем жалғыз жабығып,
Бір қазақты сағынып,
Венгр жері, жайымды ұқ...
***
Талқан болып қамалдай тірегім де,
Етім өліп, күш бітті сүйегімде.
Өмір сүру мен үшін қиын боп тұр,
Мұңнан басқа дым да жоқ жүрегімде.
Үміт, арман?
Ондай жоқ жүрегімде,
Содан оңай жылаймын, күлемін де.
Білте шамдай білінбей сөніп барам,
Маңғыстауым, қолданшы бір еміңді!
Шындық таппай, шегіндім шаршағаннан,
Сауға сұрап, сарылдым қанша жаннан?
Алауыздық жайлады айналамда,
Бірлікті құр не шығар аңсағаннан?
Бақыт емес, ақтық сәт тосам алдан,
Ұйқастырып өлеңмен «Қош, аманды»
Маңғыстауым, қумашы құшағыңнан,
Тудым, өстім, өлейін босағаңда!!!
***
Тентек едім...
Тыныштыққа бағындым.
Жеңбек едім...
Енді мұңға жағындым.
Қоңыр күздің қылымсыған кештері
Тым Бекетшіл Бейнеуімді сағындым.
Адам едім...
Сезімдерге ерідім.
Адал едім...
Енді одан да жерідім.
Жыр жазар ем жағасында Каспийдің
Тұйық жаңбыр әзір менің серігім.
Арманы едім...
Бір жігіттің сабырсыз,
Жалғап еді
Ол үмітін тамырсыз.
Жетісуға күз келді де көшеде
Жапырақтар өліп жатты қабірсіз.
Ауылымның өшпесе екен шамдары,
Қауымының қараймасын қандары.
Күз сияқты мен жүремін көңілсіз,
Алматының зорға оятып таңдары.
***
Маңғыстау!
Киелі мекенім
Тек өзің лайық талғамға.
Өзіңмен армансыз екенмін
Жалғанда.
Маңғыстау!
Мәртебемді асырар
Құм басқан төбелер, ен дала.
Ғашықпын, сырым жоқ жасырар
Іңкәрім сен ғана.
Маңғыстау!
Атыңнан айналдым
Затыңа байланып
Көркіңе тоймаған көкте Күн.
Өлгенше төсіңе жайланып
«Соңғы рет сені өпсем тілегім жоқ» дедім.
Маңғыстау!
Қасиет дарыған
Шуаққа жарыған
Көшеңде.
Ертеңгі тағдырың жанды жер жеке мұң
Десем де.
Шаттықтан жаным мас
Жауыны қарымас
Менің құт мекенім.
***
Елім,
Еркелігімді көтерер,
Өзіңдей дархан қайда бар?
Перзенттік парыз өтелер,
Тек сонда жаным жай табар.
Жерім,
Байтақтығыңа бас иіп,
Сай тоқтығыңа жылаймын.
Өлеңмен алдыңа ас үйіп,
Төсіңе тізерлеп құлаймын.
Қазағым,
Айдалып, көшіп тегіннен,
Тартқансың тағдыр залалын.
Ертеңің үшін егілме,
Ұрпағың табар амалын.
Алматы,
Өз көркіне өзі мастана,
Маңайын ұрмас бас қала.
Құшағыңнан итерме,
Бермесең де баспана.
***
Туған жер!
Топырағыңнан жаралдым
Ерте көктем бәйшешегің бола алдым.
Адыр-бұдыр сай-төбеңде еркелеп
Жынды желге тоналдым.
Туған жер!
Сен едің үміт артқан көп
Тауқыметіңді тартқам жоқ
Төсіңде сенің бабамның ізі қаңғырған
Анамның сөзі жаңғырған.
Айналайын киелім!
Жер бетінде саған тұрақ тең бе екен?
Әлде,
Туған жерің жұмақ жер ме екен?!
Саған асқан сағынышты баса алман
Парызымнан қаша алман.
Туған жер!
Топырағыңнан жаралдым,
Кіп-кішкене ақын қызың бола алдым.
Құпиясын құм жасырған қойныңда
Сағымдармен жоғалдым.
Туған жер!
Айныма осы қалпыңнан,
Жусаның жұпар мен үшін артық алтыннан.
Махаббат мендік өзіңе мәңгі өлмейді
Алса да тағдыр алқымнан.
Туған жер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу