Өлеңдер ✍️

  20.07.2021
  178


Автор: Хамит Ерғалиев

Қараңғы түнде тау қалғып

І
Түндіктен көрсе — көшеді
Ақша бұлт шарбы — шамалы;
Сәскеде баяу еседі
Іргеден таудың самалы.
Шабытқа қажет бұл еді, —
Абайдың ашық омырауы;
(Аз ғана көңіл бөледі
Алыста құлын қоңырауы).
Оңаша төрде дөңгелек
Қарағай үстел аласа;
Тұскілем — сурет: дөңде елік
Орғиды тастан ол аса.
Қазыналы ақын үйі еді, —
Көрсең-ау кітап көлемін!
Үстелде самал сүйеді
Беті ашық орыс өлеңін.

ІІ
Жерден жүн-жұрқа, көң теріп,
Өзінше көкке көтepiп
Өтедi дала құйыны,
Тарқайды түкciз түйіні.
Өтер ол кеш те, ерте де,
Жұмыс жоқ дүлейлермен түк.
Оқылды неміс Гете де,
(Аударған орыс Лермонтов).
Ойланса —Абай жазбаса,
Түндіктен ойы асады;
Алдында, самал қозғаса,
Өлеңдер сыбырласады.

ІІІ
Данышпан жырды самалша
Әзелден сүйген қазағы.
Жоғалтпас жаттап оны аса!
Өлеңге — өмip ұзағы!
Қауырсын қалам жүр шалқып,
(Қадалмай бұлтқа көз оқша),
«Қараңғы түнде тау қалғып»
Қағазға түстi қазақша.
Сәуленің төрде лық толы
Өтіпті түскi шағы да.
Жазғанын ақын ақ қолы
Өңдейді тағы, тағы да.
Ұнады. өлең ұнаса
Жазылған әpбip жолдағы.
Денедей бip кез оңаша
Тыншығар деме ол дағы.

IV
Өмірдi cүйдi ол жердегі,
Биікке шықты мағана.
Cepгедi ойдан төрдегі
Отырған ақын манадан
Сергеді, шапан жамылды,
Қыдырды тыста, кеңісте.
Адымдап алды дамылды
Қызарған дөңде, еңісте.
Жотада ақын.
(Бар тұста,
Боз тұман, темен бұқ тауға!)
Шапағы күннің батыста
Барады жерге ұйықтауға.

V
Күндізгі шаңы оралмай
Мейлі жол тыныш жатыр-ақ,
Сілкінбей, күннен нәр алмай,
Жабырқау қалды жапырақ.
Күн кетсін мейлі кеңістен
«Көлеңке басын ұзартып».
Ақынның ойы ең үстен
Себеді нұрын жүз артық.
Ақырын сазға күндізгі
Қосады орыс өлеңін,
Көpeдi кезі күн жүзді
Ертеңгі қазақ елі өңін.
Сілкінтер өлең бейқамды!
Өнердің құсы — ол ұшса.
Ертеңгі ақын жаһанды
Жазады мұнда орысша.
Түнекке ciңдi бұта да,
Сирек от жерде жылтылдап.
Жалғыз-ақ тұрды жотада
Байғұздар үнін бұл тыңдап.

VI
Бүркеді таудың түн басын,
Ақын кеш үйге оралды.
Cәулeci барлар тыңдасын,
Жаңағы сазы жаралды.
...Бойыңды шыққа дел-сал қып,
Тыныштық сақта, дөң, жыра!
«Қараңғы түнде тау қалғып»
Ақырын шертіп домбыра.
Өміргe таза махаббат
Өмірде мәңгі жүред те:
Қараңғы түннен сол бip сәт
Сақтаулы қалды жүректе.

VII
Данышпан!
Неткен құнарлы,
Нұрыңды құйған топырағың?!
Шалған жоқ аяз ызғарлы,
Жайқалып ecтi жапырағын!
Терезем ашық мұндағы,
Өлеңім epкi, ол ұшса.
Отырмын ойлап мен дағы
Баяғы сенше — орысша!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу