Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  241


Автор: Әріп Тәңірбергенов

Еңбек туралы

Сорлы елім, көріп жүрсің еңбекті жау,
Ел кезіп, өсек айтып, ізденіп дау.
Істейтін бар кәсібің - ұрлық-зорлық,
Кісі жоқ алдын ойлар бір дені сау.
Байлар жүр мансап іздеп құр далақтап,
Көрінбей малы көзге, жүр жалақтап.
Би мен болыс көрінсе, қошемет қып,
Қойын сойып, ет тартар қос табақтап.
Адал еңбек істеуге дертің күшті,
Жиреніп, жек көресің шындық істі.
Адалды - адал, арамды - арам демей,
Қара жәһіл надансың қасқыр түсті.
Алдау-арбау қаныңа сіңген батпан,
Бар мақсатың - нашарды зар жылатқан.
Жалға жүрген жарлының еңбегін жеп,
Артық көріп асайсың адал астан.
Көзіңе көрінбейді жиған малың,
Ұрлық үшін бергенің - жалғыз жаның.
Кел, тоқта, тілімді алсаң, кесел болар,
Сүліктей сора бермей елдің қанын.
Еңбексіз жиған малың емес адал,
Шариғатта тағы жоқ деген пара ал.
Шапқанда байдың ұлы болып жүрсің,
Тоқтағанда болмасын түбі залал.
Елірме ел қыдырып ет жегенге,
Ұрлыққа өтірікті септегенге.
Жарлының жалғыз қойын жалмап алып,
Мұнша неге құмарсың ептегенге?
Ертең біреу әділдік құра қалса,
Қайтесің су түбіне кетпегенде?
Бір қойға бес есе қып төлеу берсең,
«Айтпадың» деп сонда өзің өкпелеме.
Қорқыттай қазған көрің алдыңда тұр,
Жалғыз топырақ шашасың көпке неге?
Күн ұзын ел қыдырып сүмең қағып,
Өтірік пен өсекке судай ағып,
Екі табақ ет жесең, еліресің,
Жерден алтын тапқандай масаттанып.
Терлеп еңбек істерлік біреуің жоқ,
Бар әдетің - бос жүрген пәле бағып.
Сөйтіп жүріп сопы боп, Құдай ұрып,
Таспиық тартып мүлгисің түннен тұрып.
Бойында ат тартпайтын арамдық бар,
Сүттен аппақ боласың, судан тұнық.
Бағып жүрсе малыңды біреу тегін,
Сұрланып сүртіп жүріп маңдай терін,
Алты айына қой, серкеш, көйлек, штан -
Ақы деп осы емес пе бар бергенің?
Шын Құдайдан қорықсаң иман іздеп,
Жарлының бұл еңбегін неге жедің?!
Өз обалың өзіңе, тоқталмасаң,
Ет, қымызбен боп жүрсің бәрің масаң.
Жағаңды ұстап, саныңды бір қағарсың,
Тыйылып бұл әдеттен, басылмасаң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Нұрлан
Нұрлан 05.06.2022 14:47
Әріп Тәнірбергеновтын ,,Таңыюай батыр"атты дастаны бар ма ?

Пікір жазу