Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  105


Автор: Әсет Найманбайұлы

Қисмет /4-нұсқа/

Көк шығып, жердің жүзі жайнағанда,
Басына бұлбұл қонып сайрағанда.
Қойдан қатық, сиырдан айран ұйытып,
Тыста құрт, үйде ірімшік қайнағанда.

Екі-екіде, ел көшсе, әнге салып,
Жиналып жастар жылқы айдағанда.
Ел қонса, құрық алып шырқ иіріп,
Биені үйге бөліп жайғағанда.

Құлынды шырылдатып, шұрқыратып,
Көк майса шалғын жерге байлағанда.
Қыздырар, қымыз ішсең, албыратып,
Бал татып бағлан еті шайнағанда.

Бас қосып қымыз мұрын тойын тойлап,
Тай мініп жас балалар ойнағанда.
Халықтың бұл да үлкен бір мұраты,
Көкорай жылғалы өзен жайлағанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу