Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  172


Автор: Әсет Найманбайұлы

Болжаусыз осы екен ғой өлім деген

Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,
Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,
Айғайға қайран даусым ерінбеген.
Абайдай арт жағына сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай өлу деген.
Ертең жазып, бүрсігүн бітірем деп,
Баянсыз тіршілікке сенуменен,
Қатын, бала асырау амалында
Кеттім-ай үнемі көңіл бөлуменен.
Менен сорлы ақын да өтті ме екен,
Бір сөзі баспа орнына берілмеген?!
Осымен өмір бітті, дәм таусылды,
Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген.
Тіршілікте әрекет етпеген соң,
Сүйектен не шығады кебіндеген?
Жолықтым дем таусылар уақытысына,
Өлімнің мейірімсіз қаттысына.
Азалды ақша беріп сатып алып,
Кездестім надан елдің бақсысына.
Ажал ма, арманда ма, қалайша өлем,
Білетін дәрігердің жоқ жақсысы да.
Алмасты мұсәтір деп татып алдым,
Дерт шалды өне-бойды, жатып алдым.
Құдайдан тура келсе арманым не,
Ажалды ақша беріп сатып алдым.
Алашқа атым шыққан Әсет ақын,
Өлеңім - жан жолдасым маған жақын.
Аңраған аспан-көкке асқақ үнім,
Саған да уақыт жетті қарлығатын.
Бозбала осы әнімді үйренерсің,
Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.
Асау ән жетегіңе жүрмеген соң,
Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің.
Ішінде өсіп-өндім Қызай елдің,
Жерлерін Күнес, Текес мекендедім.
Дүниенің қызығына тоямын деп,
Көз жұмдың, бақыр Әсет, бітті демің.
Өлеңмен атақ жайдым оң мен солға,
Бір алла сапарымды өзің оңда.
Дертке дәрмен, көңілімнің гүлі болған,
Осы өлең адастырды-ау ақтық жолда.
Ел-жұртым, аға-інім, көңіл қосым,
Бәрібір мейлі дұшпан, мейлі досым.
Артымда тірі қалған үлкен-кіші
Бәріне ақтық рет айтқан қошым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу