Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  225


Автор: Оразақын Асқар

Ең әдемі ағаш

Жаздың күні орманда,
Саяхатта болғанда,
«Әдемі, – деп, – қай ағаш?» –
Айналаны шолғанда,

Біреу айтты даралай:
«Әдемі, – деп, – қарағай.
Жап-жасыл боп тұрады,
Қыс пен күзге қарамай».

«Ағаш жетпес еменге,
Тамыры оның тереңде, –
Деді біреу, – қараңдар,
Жетеді бой, көлем де».

Біреу айтты қайыңды:
«Ән боп аты жайылды.
Салады еске ақтығы
Аспандағы Айыңды».

Біреу айтты:
«Шетенге
Айтқандарың жетер ме?
Негізі асыл болмаса,
Жай тарта ма бекерге?»

Бірі құндап бағасын,
Тізді жеміс ағашын.
Зорға басты жетекші
Балалардың таласын.

– Саралап тал, теректі,
Іздедіңдер еректі.
Ойлап тұрсақ, адамға
Барлық ағаш керекті.

Бір орманда әр ағаш
Өскен жақсы аралас.
Ең әдемі, меніңше,
Құс ұясы бар ағаш.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу