Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  125


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Ленин туралы

Ленин жолдас иірімді,
Ұқсасында дарияның.
Мирзоян жолдас мысалы,
Тасқынды бұлақ қайнарың.
Оған жалғас жолдастар,
Туып тұрған айларың.
Әскер құрған бірлікпен,
Саясат сұсты әйдарың.
Көрсеткен кеңіс жоспары,
Бау-бақшалы сайларың.
Онан өнген миуа,
Жеген нан, ішкен шайларың.
Реттеп тұрған оларды,
Ақылға диқан байларың.
Үлгі, өнеге, өнерлер,
Жегізген жұртқа майларың.
Оқып жатқан өңшең жас,
Бәйгі алып берер тайларың.
Құтты бол сын жаңадан,
Салынған сарай жайларың.
Күні, түні күтіңдер,
Бетіндей етіп айнаның.
Білмейтін жоқ қой ұятын,
Жабайы өскен жайдарың.
Жабайылық жаман дерт,
Бергенмен қонбас қай дәрің.
Шашып шылым қағазды,
Болмасын топыр тайраңың.
Досы үшін шеккен зияның,
Зорындай болар пайданың.
Олардың айтқан алғысы,
Қымыз, шұбат, айраның.
Орындап болмай қызметті,
Болмасын көлайт, сайраның.
Кеш келіп, ерте кетуге,
Керегі жоқ айланың.
Ақыл жетсе айтар ем,
Сөздердің сұлу тайлаңын.
Босқа өткізіп өмірді,
Өкініш жеп орасан,
Бармақты баса шайнадым.
Сынатуға сонда да,
Алдарыңа аттай-ақ,
Бұл сөзді әкеп байладым.
Тапқанымды тағы да,
Әкеліп беріп тұрармын,
Десеңдер жолдас жайладым.

1936.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу