Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  134


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Мирамкүлге

Мирамкүл мысалында, бұлбұл - жастар,
Тыңдауға үндерін ел ісін тастар.
Қайнаған қабағында бұлағы бар,
Ленин бұлт шөгетін биік асқар.
Тігілген үстіне оның Мирзоян ту,
Қоладан құйып салған құрған әскер.
Тастайтын жауыздардың жұлып басын,
Саясат сондай сұсты жолбарыстар.
Жау жүрек жаңа түлек жас қырандар,
Жетекші жұрт біткенді жолға бастар.
Отырмыз өр қабақтың ой қылында,
Ешкім жоқ еркінсіп кеп бізді жасқар.
Мұндайша кеңшіліктің күні туып,
Тойдай боп тамашалы тойынды аштар.
"Атынды шапқанда шап" дегендей-ақ,
Өнерге өмір серік ұр құлаштар.
Келе алмай кедей таптың қарсысына,
Би, болыс, бай мен құлақ толды мастар.
Қанауда қалмаймын, - деп, кетті олармен,
Болғансын біреуі тыс, біреуі астар.
Істерін еңбекшінің енді реттеп,
Міндетті мойындағы дұрыс басқар.
Әрқалай арқасында үкімияттың,
Бағулы барлығың да болдың қошқар.
Құттықтап қызыл туды қолға алып,
Осындай үлкен, кіші уақытын қоштар.
Құрметтеп қарсы алған бірін-бірі,
Мінекей махаббатты мәңгі достар.
Ауданы Қармақшының оныншы ауыл,
Берілді былайынша бізден жоспар.
Панидан Ізтілеуов Тұрмағамбет,
Баспана бүгін емес, көне қос бар.

1936.
* * *
Арасы төрт-ақ елі шын, жалғанның,
Шынында шені артар шынды алғанның.
Ортаңа осы сөзді ұсынамын,
Біреуі болар-ау деп тыңдалғанның.
Жүр едім өз ойыма өзімін деп,
Ұйқас сөз ретінде шыңдалғанның.
Сыналдым сезімімнің жоқтығынан,
Біріне бәйгесінде сынды алғанның.

1936.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу