Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  125


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Жұбанға

Қалайсың, хош ба уақытың, құрбым Жұбан?
Сырдай ең сыймай тасып шыққан шыған.
Бай ұлы Қаракесек баласынан,
Оның да жоқ еді пікір деген ығам.
Сонда да сынық мінез сыпайы едің,
Майдай-ақ майда тілді уылжыған.
Заманға заңы осылай ұшырасып,
Бастағы қисайып тұр алтын жығаң.
Кең дүния көп дауысымен күңіреніп тұр,
Баладай емізулі ыңырсыған.
Кіршінің күйінбе артық еркі өзінде,
Десе де қалай жуып, қалай сығам.
Тақынан тартып бөрі талмаусытты,
Деп жүрген не ерлерді өрге шығам.
Ерте-кеш ел біткенді иіріп тұр,
Тырп етсең бәрінді де жерге тығам.
Тау түгіл тасалайтын төбе де жоқ,
Қызарып көт көрінеді десең бұғам.
Адасып ақылымнан өзім дағы,
Болды деп бұл қалайша көзді жұмам.
Оңғар деп өзің алла енді ақырын,
Қылайық шытпай қабақ шүкір бұған.
"Кейіні кеніш - реніштің" деген нақыл,
Қате деп қуана бер қылма күмән.
Беліңді босаң тартпай буып ал да,
Халық үшін қайраттанып қарды сыбан.
Қалайда қайтқан бақыт қайта қонып,
Басыңнан бұлт арылып тарқар тұман.
Көз жасын қайткенменен көрер Алла,
Жар болып он бір ахмат, он екі имам.
Кендікке кешікпей-ақ кездесерсің,
Қабыл боп бәріңнің де еткен дұғаң.

1935.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу